Павел Дуров 12 қылмысқа қатысы бар деген күдікке ілінді
Егер осы айыптың бәрі Дуровқа тағылар болса, ол ондаған жылға бостандығынан айырылуы мүмкін.
Париж прокуратурасы Telegram-ның негізін қалаған Павел Дуров 12 қылмысқа қатысы бар деген күдікке ілінді деп хабарлады. Оның арасында киберқылмыс, қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру және криптология құрылғысын алдын ала декларациясыз импорттау да бар. Прокуратура сайтындағы баспасөз хабарламасында осылай деп жазылған, деп хабарлады Азаттық радиосы.
"Аты-жөні аталмаған адамның" үстінен мына баптар бойынша тергеу жүріп жатыр, Дуров соған байланысты ұсталған:
- ұйымдасқан топтардың заңсыз мәмілесін жүргізуге онлайн-платформаны басқаруға қатысу;
- құқық қорғау органдары тергеу жүргізу үшін сұраған қажет ақпаратты бермеу;
- кәмелетке толмағандарға байланысты порнографиялық контентті сақтауға қатысу;
- осындай контентті таратуға қатысу;
- есірткі таратуға және сақтауға қатысу;
- киберқылмыстарға қатысу;
- ұйымдасқан қылмыстық топ ішінде алаяқтыққа қатысу;
- ауыр қылмыс жасау мақсатында қылмыстық сөз байласу;
- қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру;
- криптология бойынша лицензиясыз қызмет көрсету;
- арналған құралды алдын ала декларациясыз жеткізу;
- мұндай құралды импорттау.
Егер осы айыптың бәрі Дуровқа тағылар болса, ол ондаған жылға бостандығынан айырылуы мүмкін.
Францияның OFMIN агенттігінің бас хатшысы Жан-Мишель Берниго LinkedIn желісінде Telegram-ның негізін қалаған Павел Дуровқа байланысты іс мессенжердегі контенттің нашар модерациясына байланысты, оның ішінде балалар порнографиясына қатысты деді. Бұл агенттік балаларға қарсы қылмыстардың алдын алумен айналысады, OFMIN Дуровты ұстауға ордер берген.
Франция президенті Эммануэль Макрон Дуровты қамауға алу "ешқандай саяси шешім емес" деді. "Франция сөз бен коммуникация еркіндігіне, инновация мен кәсіпке бұрынғыдай адал. Солай қалады да", – деді Макрон.
Еурокомиссия Euronews арнасына Павел Дуров мәселесінің әлеуметтік желілер мен интернет-сервистерді реттейтін Еуроодақ заңына қатысы жоқ деп хабарлады.
Telegram мессенжері тобы дүйсенбіде таратқан мәлімдемеде компанияның бас директоры Павел Дуровтың жасыратын түгі жоқ, ол Еуропада жиі саяхаттайды, ал Telegram мессенжері Еуроодақ заңдарын, соның ішінде цифрлық қызметтер туралы заңды сақтайды деп жазылған.
24 тамыз кешке француз ақпарат құралдары Павел Дуров Франциядағы Ле-Бурже әуежайында ұсталды деп хабарлаған. Франция билігі Дуровтан жауап алып, уақытша қамауға алған. Бизнесмен Францияға Әзербайжаннан жеке ұшағымен ұшып барған.
Ресейде туған Павел Дуров 2021 жылы Франция азаматтығын алған. Кейінгі жылдары Біріккен Араб Әмірліктерінде тұрған, Telegram кеңсесі де сол елде орналасқан. Кәсіпкер Ресейден шамамен 10 жыл бұрын кеткен.
Сіздің реакцияңыз қандай?