Отырарда балабақшада от жағатын ер адам 14 қыз бен 1 ұлды зорлады деген күдікке ілінді
Адвокат Айман Омарова мен Ләззат Рақышева зардап шеккендердің саны көп болуы мүмкін дейді.
Белгілі адвокат Айман Омарова мен Ләззат Рақышева instagram әлеуметтік желісінде шұғыл тікелей эфир өткізіп, Түркістан облысы Отырар ауданында болып жатқан оқиғаға қатысты тың деректерді мәлім етті, деп хабарлайды sadaqmedia.kz.
Айта кетейік, бұған дейін Түркістан облысының полиция департаменті ресми пікір білдіре отырып, Отырар ауданында бірнеше қыз баланы зорлады деген күдікпен 33 жастағы ер адамның қамалғанын растаған болатын.
19 қазаннан 20 қазанға қараған түні әлеуметтік желіде шұғыл тікелей эфир өткізген адвокат Айман Омарова мен Ләззат Рақышевалар істің мән-жайын баяндады.
"Кеше түнгі сағат 00.00-ден бері хабар келіп жатыр. Дәлірек айтсақ, Түркістан облысы Отырар ауданындағы ата-аналардан жаппай хабарлама келіп жатыр. Әуел баста 7-10 жас аралығындағы алты қыз 1990 жылғы азаматтан зорлық көрді деген хабарлама келді. Ол балабақшада пеш жағатын адам екен. Жазда осы кісіге қатысты, яғни, ол зорлық жасады деген сипатта бір арыз жазылған, бірақ, қылмыстық іс қозғалған-қозғалмағаны белгісіз. Қазір аурухана толған ата-ана, бәрі қыздарын апарып тексертіп жатыр", - деді тікелей эфир кезінде адвокат Ләззат Рақышева.
Осыған байланысты Айман Омарова Бас прокуратураға үндеу жасап, істі шұғыл тексеру керек екенін мәлім етті.
"Бүгінгі тікелей эфиріміз Бас прокуратураға арналады. Өйткені, кейбір ата-ана баласының зорланғанын білсе де, арыз жазудан бас тартып жатыр. Басында үш-төрт қыз бала зорланды десе, қазір 14 қыз, бір ұл зорланды деген ақпарат бар. Бас прокуратура істі назарға алу керек", - деді Айман Омарова.
Сіздің реакцияңыз қандай?