Жыл басынан бері несиесін төлей алмаған 12 адам өзін өзі өлтірген – ІІМ
Биыл Қазақстан бойынша 12 адам несиесін төлей алмағандықтан өз-өзіне қол жұмсаған. Бұл туралы бүгін парламенттік тыңдай кезінде Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха мәлім етті, деп хабарлайды sadaqmedia.kz.
Несиенің кесірінен суицид жасағандар Алматы қаласы, Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Қызылорда, Қостанай, Павлодар және Батыс Қазақстан облыстарының тұрғындары болған.
«Жыл басынан бері мойнында көп несиесі бар 12 адам өз-өзіне қол жұмсап өлген», - деді Лепеха.
Оның айтуынша, несиесі бастан асатын азаматтардың кейбірі осылай суицид жасаса, кейбір адамдар қарызынан құтылу үшін қылмысқа барады.
«Несиесі өте көп тағы 40 адам қарыздан құтылу үшін біреуді тонаған, ұрлық жасаған», - деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін Мәжілісте «Халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту және қаржылық сауаттылықты арттыру» тақырыбындағы Парламент тыңдау өтіп жатыр. Арнайы баяндама жасаған мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов қазір халықтың 84 пайызында, яғни 8,4 миллионнан астам адамның несиесі бар екенін, оның ішінде, 1,7 млн адам сол несиелерін төлей алмай отырғанын мәлім етті.
Сіздің реакцияңыз қандай?