«Олимпиадада жеңілген соң тұрмысқа шығу туралы ойымнан айнып қалдым»: Абиба Әбужақынова жүлде алмай, күйеуге шықпайтынын айтты
Париж олимпиадасының қола жүлдесі үшін тартыста жеңіліске ұшыраған Абиба Әбужақынова спорттық мансабы мен жеке өміріне қатысты жоспарын айтты, деп жазады Sadaqmedia.kz ақпарат порталы ҚазАқпарат агентігіне сілтеме жасап.
Париж олимпиадасында жүлдеге сынық сүйем қалғанда сүрінген Абиба Әбужақынова жүлдегерлер қатарынан көрінгенде мансабын аяқтап, отбасы құрғысы келгенін жасырмады.
«Дзюдодан қазақ қыздары арасында мен тұңғыш рет әлем чемпионатының жүлдегері атандым. Олимпиада ойындарында да тура солай алғашқы қазақ қызы болғым келген. Өкінішке қарай Парижде ол мүмкіндік ұстатпай кетті. Бірақ бәрібір сол арманға, сол мақсатқа қол жеткізбей тоқтамаймын деп бел буып отырмын. Лос-Анжелестің ауылы да алыс емес. Әне-міне дегенше олда келіп қалады.
Негізі осы олимпиадада арманым орындалғанда міндетті түрде болашақ жарымды тауып, тұрмысқа шығып, бесігімді тербетіп үйде отырғым келген. Осы жолы жеңіліп қалғаннан кейін ол ойымнан айнып қалдым. Қазір жігітім де жоқ. Егер мені түсініп, 2028 жылғы олимпиадаға дейін күтемін деген азамат болса, тұрмысқа шығуға дайынмы», – деді дзюдошы.
Айта кетейік, Абиба Әбужақынова Париж олимпиадасының қола жүлдесі үшін белдесуде швециялық Тара Бабулфаттан жеңіліп қалған еді.
Сіздің реакцияңыз қандай?