Науқастарды өлтіріп, пәтерін саудаға салған: Алматыда қылмыстық топ ұсталды
Арасында Психологиялық сауықтыру орталығының (ПСО) бұрынғы бөлім меңгерушілері, құқық қорғау органдарының бұрынғы қызметкерлері, нотариустар, жылжымайтын мүлік агенттері және рецидивист, жалпы саны 22 адам бар.
Алматы қаласының қылмыстық істерді қарайтын мамандандырылған ауданаралық сотында аты шулы іс бойынша сот отырысы басталды. Сотталушылардың арасында Психологиялық сауықтыру орталығының (ПСО) бұрынғы бөлім меңгерушілері, құқық қорғау органдарының бұрынғы қызметкерлері, нотариустар, жылжымайтын мүлік агенттері және рецидивист, жалпы саны 22 адам бар. Бұл топ психикалық ауруы бар жалғызбасты адамдарды тауып, олардың мүліктерін иемденген. Олар кейбір науқастарды қамауда ұстап, пәтерлерін өздеріне жазып, сатып жіберіп отырған. Ал кейбіреуін тіпті өлтіріп тастаған, деп хабарлайды Sadаqmedia.kz ақпарат порталы.
Orda.kz осы шулы істің мәліметтеріне зер салып, саралап көрді.
Сотта осындай қылмыстық істің қаралып жатқанын біз Ренат Қадыровтың әлеуметтік желілерде жариялаған мәліметінен білдік. Құқық қорғаушы, отбасылық және мұрагерлік құқық бойынша маман Ренат Қадыров ұйымдасқан қылмыстық топтың шамамен 10 жыл бойы психикалық ауруы бар адамдарды үнемі тонап, олардың бостандығына қол сұғып, мүліктерін алып отырғанын айтты.
«Қылмыстық топ мұқият ойластырылған схеманы қолданды. Олар ұрлаған психикалық ауруы бар адамдарды заңсыз жылжымайтын мүлік рәсімдеу үшін пайдаланған» деп жазды құқық қорғаушы Facebook парақшасында.
Психикалық ауруы бар адамдар қылмыскерлердің «қуыршағына» айналды. Оларды тек бостандығынан және мүлкінен айырмай, сонымен қатар қорлап, өлтірді. Бұл қылмыстық топтың бар заңсыз әрекеттерін заңдастыру үшін арнайы нотариустар қызмет етті.
«Қылмыстық топ жылжымайтын мүлікті жалған тұлғаларға рәсімдеумен өз істерін жасырып, қылмыстық әрекеттерін заңдастырды. Бұл оларға құқық қорғау органдарының күдігін тудырмай, мүлікті бақылап, иемденуге мүмкіндік берді» деп атап өтті Қадыров.
Бұл ұйымдасқан қылмыстық топтың әр мүшесінің өз міндеті болды:
«Дәрігерлер өздерінің кәсіби білімі мен науқастардың үнемі жанында болғанын пайдаланып, оларды ұрлауға көмектескен. Нотариустар заңдастыруға көмектескен. Ал рецидивистер жәбірленушілерді күштеп ұстау мен артық куәгерлерден құтылуға қол ұшын берген» деп жазды Ренат Қадыров.
Оның пікірінше, «бұл жанжал қоғамды дүр сілкіндіріп, ашу-ыза тудырды». Алайда біз мұнымен келіспейміз. Бұл оқиға туралы әзірше санаулы адам ғана біледі.
Каблуков көшесіндегі аурухананың өте білікті дәрігерлері
Қылмыстық іс 2022 жылдың қараша айында қозғалды. Тергеу 37 эпизодты бөліп көрсетті, олардың көпшілігі Алматы қаласындағы тұрғын үйлерді заңсыз иеленуге қатысты алаяқтық туралы. «Каблуков көшесіндегі психиатриялық ауруханасы» деген атаумен белгілі Психологиялық сауықтыру орталығының қызметкерлері қылмыстық топқа клиникадағы жалғызбасты науқастарды көрсетіп берген.
Orda.kz тілшісі ауруханаға барып қайтты. Алайда директор мен дәрігерлер біздің журналистпен сөйлесуден бас тартты. Кадр бөлімінде іске қатысты қызметкерлер жұмыстан шығарылғаннан кейін жұмысқа кіріскендерін хабарлады. Орталықтың басшысы барлық сұрақтарды eOtinish порталы арқылы жазбаша түрде жіберуді өтінді.
Дегенмен біз осы мәселе туралы азды-көп ақпарат берген бір адамды таптық. Ол өз атын жарияламауды сұрады.
Екі жыл бұрын бірінші және екінші бөлімнің меңгерушілері жұмыста төбе көрсетпей кетті. «Бастықтар оларды еңбек демалысында деп айтты». Уақыт өте келе ұжымда түрлі қауесет тарай бастады. Содан кейін орталық қызметкерлерін тергеуге шақыра бастады.
Бұрынғы бірінші бөлім меңгерушісі — Айжан Джусупгалиева. Оның жұмыс өтілі — 20 жыл, атақты және жоғары білікті психиатр. Джусупгалиеваны науқастар ғана емес, аурухана басшылығы да жоғары бағалады. Көптеген қызметкерлер өз таныстарын оған жіберіп отыратын. Ол ешқашан көмек көрсетуден бас тартпаған. Ашық интернет көздерінен Джусупгалиева ғылыми зерттеулердің авторы екенін білдік. Idoctor.kz сайтындағы анкетасын назарларыңызға ұсынамыз.
Сіздің реакцияңыз қандай?