«Құралайларды зарлатқан жерлерді су алып жатыр»: Ел тұрғыны киіктің киесі ұрғанын айтып дабыл қақты
Ақбөкен атуға рұқсат берген жерлерді, ақбөкендер тұрақты мекендейтін орындарды су алып жатыр.
Биылғы көктем ел халқын тағы әбігерге салып қойды. Еліміздің бірнеше өңірі тасқын судың астында қалып, тұрғындар үйлерін тастап қашуға мәжбүр болып отыр. Осы орайда қоғамда түрлі пікір айтылып жатыр. Мәселен, Қызылорда облысының тумасы киіктің киесі ұрғандықтан осындай болып жатыр деп есептейді, - деп жазады Sadaqmedia.kz ақпарат порталы.
"Қоғамда болып жатқанның барлығын әлеуметтік желіден көріп отырмыз. Сол көргенімнен байқасам ақбөкен атуға рұқсат берген жерлерді, ақбөкендер тұрақты мекендейтін орындарды су алып жатыр. Батыс Қазақстан облысы, Ақтөбе, Қостанай, Астананың төңірегі және де осы маңайды мекен еткен киіктің бәрін қырып-жойды. Ет комбинатын салды. Ал енді осы су алып жатқан жердің сыртынан қарап мынадай ой туып тұр".
Қазалы ауданы, Қызылқұм ауылының тұрғыны болып жатқан оқиға қатысты өзінің ойын шумақтар арқылы жеткізген.
"Қайтейін, қайран, аң жатқан жерлер
Аңдары құрып, қан жатқан жерлер.
Анасын атып, еттерін сатып,
Құралайларды зарлатқан жерлер.
Киесі ұрса ақбөкендердің
Тасқын су солай жан-жақтан келер.
Береке кетті-ау құтты жерлерден
Ата-бабалар мал баққан жерлер.
Жазықсыз аңды қырып тастауға
Жаңа Қазақстанда заң тапқан ерлер.
Құмына сіңген аңдардың қанын
Қыс келіп қалың қар жапқан жерлер.
Жаңа Қазақстан құрылған соң
Шенділер ойран сап жатқан жерлер.
Жазықсыз аңның киесі ұрып
Шылқыған суға малынған жерлер".
Сіздің реакцияңыз қандай?