«Қудалау басталды»: желіде жолды жапқан Қоянды тұрғындарын ОМОН ұстап жатыр деген ақпарат тарады

Қоянды тұрғындары жергілікті биліктен төтенше жағдай жариялауды талап етіп, наразылыққа шыққан болатын. Ашуға берілген жұрт Қоянды ауылына кіреберістегі жолды жауып тастаған болатын.

Наурыз 27, 2024 - 20:37
Наурыз 27, 2024 - 20:41
«Қудалау басталды»: желіде жолды жапқан Қоянды тұрғындарын ОМОН ұстап жатыр деген ақпарат тарады

Ауылымызды су басып, үйімізге кіріп жатыр деп наразылыққа шыққан Қоянды тұрғындарын полиция ұстап жатыр деген ақпарат тарады, деп хабарлайды Sadaqmedia.kz ақпарат порталы. 

facebook желісінде тараған мәліметке сенсек,Қояндыда жолды жапқан жігіттердің біразын бүгін ОМОН алып кеткен. 

"Қояндыда жолды жапқан тұрғындарды ұстап жатыр екен.

ОМОН жібергенше, ТЖД жігіттерін жібермей ме, Мұрат Ахметжанов. 
Облысқа полицей басшы болып еді, су тасқынынан жапа шеккендерге көмектесудің орнына жапа шеккендерді ұстап жатқан көрінеді.
Әріптестерім үнсіз", - деп жазған Бірінші арна тілшісі Ақбөпе Тәңірберген өзінің facebook парақшасында.

Сөзіне дәлел ретінде тұрғындар жіберген хаттың скринін салған. Онда "сол жерде болған Ерік деген жігітті ОМОН-дар алып кетті деп жатыр, қуғындау басталды" делінген.

Бұл хабардың анық-қанығын білу мақсатында Астанадан 7 шақырым жердегі Қоянды ауылының тұрғындарына хабарласып көрген едік. Хабарласқан тұрғындардың біразы бұл ақпараттың рас екенін, өткен түндегі наразылық кезінде белсенділік танытқан Жұман және Ерік деген екі жігітті полиция алып кеткенін айтты. Ал ауыл белсенділері ақпарат бере алмайтынын хабарлады. Айтуларынша, жағдай тұрақты. "Журналистерге ақпарат бере алмаймыз, Ерік пен Жұман қасымызда, өз шаруаларымызбен жүрміз" деп жауап берді белсенділердің бірі.

Астана маңындағы осы ауылдың халқы 26 наурыз күні кешке қарай су тасқыны қаупіне байланысты жергілікті биліктен төтенше жағдай жариялауды талап етіп, наразылыққа шыққан болатын. Ашуға берілген жұрт Қоянды ауылына кіреберістегі жолды жауып тастаған болатын. Шенеуніктермен, прокуратурамен, полицейлермен әңгіме шуға ұласып іс насырға шаба бастаған соң ауылға арнайы жасақ барып, наразы жұртты таратқан болатын.

Әкімшіліктің айтуынша, қар суынан тазарту жұмыстары барынша жүргізіліп жатыр. 
«Қазір Қоянды ауылында су тасқынына қарсы күшейтілген шаралар жүргізілуде. 150 мың текше метрге жуық қар шығарылды. Қар шығаруға 10 инженерлік және арнайы техника жұмылдырылған. Сондай-ақ Қояндыда 9,5 мың метр арықтар мен каналдар, сондай-ақ 46 су өткізгіш құбырлар тазартылды. 35 мың м3 астам еріген су сорылды. Тас жолдарды жабу сияқты заңсыз әрекеттерге жол берілмейді. Заңды бұзғаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын ескертеміз»,- деп түсіндірді әкімдік.

caravan.kz сайтының жазуынша, Қоянды ауылының қарын тазалау үшін бір емес бірнеше рет тендер өткізілген. Алғашында 8 миллион теңгенің тендері жарияланып, жеңімпаз анықталған.  

"Бұл кәсіпкер жолдарды қардан тазалап қана қоймай, «жолдарды  қардан тазартқаннан кейін, елді мекеннен тыс жерлерге шығарып, құжат бойынша қарды арнайы рұқсат етілген полигонға апару керек болған. 

Екінші рет тендер 6,2 миллион теңгеге жарияланып, жеңімпаз Тараздан анықталған.

Бұл жеке кәсіпкер де Қоянды ауылының жолдарын қардан тазалап, жиналған қарды арнайы полигонға төгу керек. 

Үшінші тендер құны 12,5 млн теңге, ол ақпан айында өткен.

Қоянды ауылының әкімдігі қар тазалау бойынша жүргізген үшінші тендері жуырда, яғни, 2024 жылдың 14 ақпанында аяқталған. Бұл тендердің сомасы көбірек демесек, техникалық құжаттамасының мәні алдыңғы екі тендермен бірдей. Жеңімпаз – «Астра Строй Кз» ЖШС. Иесі Жанат Инуар. 

Мемлекеттік сатып алу сайтында бұл жеңімпаздың байланыс нөмірлері жазылғандықтан, хабарласып, тендер бойынша қосымша мәлімет сұраған. Қазір Астана қаласында (Қоянды ауылы Астананың іргесінде, 21 шақырым қашықта) емес екендігін айтқан ол тендерді ұтып алғанын растады. 

«Қазір тендер бойынша құжаттар қолымда емес. Бірақ, Қоянды ауылының қарын тазалау бойынша менің ғана компаниям емес, басқа да компаниялар бар. Әрқайсысы өзінің аумағын тазалайды. Біз қарды шығардық. Әкімдік жұмысымызды қабылдады, акт құжаттары бар. Ертең қалада болғанда, ұсына аламын», - деді тілшінің сұрақтарына жауап берген Жанат Инуар.

Төртінші тендердің құны 26 млн теңге. Құжат қаралып жатыр.

Ал, енді қар еріп, ауылды су басқан уақытта, яғни, 2024 жылдың 20 наурызында Қоянды ауылының әкімдігі 26 млн теңгенің тендерін жариялап, құжат қабылдаған", - делінген аталмыш дерек көзі таратқан ақпаратта. 

 

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow