«Екеуінің махаббатын қағазға түсірдім»: Ханбибі Есенқарақызы «Нурикамал» фильміне қатысты пікір білдірді

Киноның бір жерінде «Біреудің отбасын бұзған адам бақытқа жете алмайды» деп айтатыны бар...

Қараша 14, 2024 - 09:33
Қараша 14, 2024 - 10:58
«Екеуінің махаббатын қағазға түсірдім»: Ханбибі Есенқарақызы «Нурикамал» фильміне қатысты пікір білдірді
фото: kino.kz

Белгілі ақын Ханбибі Есенқарақызы Nege.kz порталына берген сұқбатында «Нурикамал» фильмі туралы ойын білдіріп, мелодраманың кемшін тұстарын айтты.

Тілші «Нурикамал» фильмін көргендердің арасында «Отбасы бола тұра басқа әйелге ғашық болуды насихаттаудың керегі не?» дегендей пікір айтқандар болғанын тілге алға тартты. Ал ақын оған өзі сөзін жазып берген әннің «таза адамдардан шыққан таза махаббаттың үлгісі» екенін айтты.

«Бұл біреудің отбасын бұзу үшін насихатталған дүние емес. Бұл – өнер адамдарына тән. Әрбір адам – бостан. Біреуге біреу тәуелді емес. Бұл жерде жасандылық, тәуелділік жоқ. Композитордың ғашық болуға хақы бар. Әннің жақсы болғаны үшін ақын ретінде сөзін жазып бергенімді дұрыс деп санаймын. Бірақ композитор еш уақытта Нұрикамалмен байланыста болған жоқ. Нұрикамал да ақыл-ойы бар әйел. Киноның бір жерінде «Біреудің отбасын бұзған адам бақытқа жете алмайды» деп айтатыны бар ғой. Ол да – персонаж. Композитор да, Нұрикамал да жақын қарым-қатынас орнатпаған, таза күйінде қалды. Ешқандай отбасы бұзылған жоқ. Барлығы өз орнында», - деп жауап берді Ханбибі Есенқарақызы.

Оның айтуынша, тазалықтан туған ән халықтың жүрегіне жетіп, 40 жылға жуық уақыт болса да әлі сахнада да, той-жиындарда да айтылып келе жатыр.

«Ал енді солардың махаббатын қағазға түсірген менде де кінә жоқ. Бұл – таза адамдардан шыққан таза махаббатың үлгісі», - дейді ақын.

Осы орайда тілші аталған фильмнен кейін әйелдер қауымы Ханбибі Есенқарақызының әрекетін ерлікке балап жатқанын, көп әйел мұндай кеңдікке бара алмайтынын жеткізді. Ақын оған қатысты да өз жауабын берді.

«Бұл жерде мен әйелдіктен гөрі ақындықты, өнерді жоғары қойдым. Абай «Көңілге түрлі ой салар, жақсы ән мен тәтті күй» демей ме? Біз осы сөздің қадіріне әлі жетпедік. Жақсы ән ой салды. Сондықтан мәтінін жазып беруге тура келді. Әрине, бұл маған да оңай болды деп айта алмаймын. Десе де ән ауға түскен балықтай, торға түскен құстай бұлқынып тұрды. Себебі сөзі жоқ болған соң шықпай тұр. Сөзін жазып бергенім үшін кінәлі емес шығармын», - деді Ханбибі Есенқарақызы.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow