«Хабар» зорлықты қолдауға шақырып отыр ма?»: Мемлекеттік арнаның басы дауға қалды

Наурыз 13, 2024 - 16:50
Наурыз 13, 2024 - 16:51
«Хабар» зорлықты қолдауға шақырып отыр ма?»: Мемлекеттік арнаның басы дауға қалды

Әлеуметтік желіде «Хабар» арнасынан эфирге шыққан «Бірақ...» ток-шоуына қатысты дау өршіп тұр, деп жазады sadaqmedia.kz ақпарат порталы.

Журналист Аян Қалмұрат өзінің Фейсбуктегі парақшасында «Хабар» телеарнасына ток-шоу істемей-ақ қоюы керек деп кеңес берді.

«Хабар» арнасының кезекті масқарасы. «Бірақ» деген ток-шоу кеше жылдар бойы күйеуінен таяқ жеп, ақырында қолын сындырған соң алты баласымен ажырасып кеткен әйелді студияға шақырды. Әйел ажырасқан соң Шымкенттен Астанаға көшіп келген. Үш ай бұрын күйеуі олардың Астанадағы үйін тауып алып, ішіп келіп тағы шу шығарған.  Содан бері әйел балаларымен тұрмыста зәбір көргендер паналайтын орталықта тұрып жүр. Осы орталыққа «Хабардың» журналистері хабарласып, күйеуінен таяқ жеген бір әйелді тауып беруді сұрайды. Орталықтың жетекшісі Анна Рыль «әйелге қаржылай көмектесетіндер табылар» деп осы кісімен байланыстырады. «Хабардың» тілшілері әйелге «Студияда күйеуіңіз болмайды, түріңізді көрсетпейміз, маскада боласыз» деп уәде берген соң, апай ток-шоуға баруға келіседі», деп жазды ол. 

Журналистің жазуынша, телеарна қызметкерлері кейіпкерге берген уәдеде тұрмай, этиканы бұзған.

«Біраз уақыт өткенде тікелей эфир кезінде бұрынғы күйеуі студияға кіріп келеді. Әйелге қалай қорлағанын, қалай таяқ жегенін жүргізушілер тағы айтқызады. Жылап отырып айтып береді. Күйеуі «өтірік айтпа, өтірік айтпа» деп отыр. «Ақ болсаң, маскаңды шеш, неге маскада отырсың?» деп тиіседі. Әйел «қызым сұрады маска киюді» десе де, шешіп тастайды. Бір кезде «Хабардың» жүргізушісі бұрынғы күйеуіне гүл ұстатып, ол әйелге апарады. Әйел «гүлді алмаймын, көргім келмейді» деп ентігіп жылайды. Жүргізуші осыдан соң әйелдің қасына отырып: «Әкесіне балаларды көрсетіңіз, балаларыңызбен біздің психологтар жұмыс істесін. Алты баланың біреуінде болсын әкесіне сағынышы бар шығар? Оны біз қазір айта алмаймыз» деп ақыл айтады. Әйел балаларына сөйлес деп айтатынын, бірақ балалар өзі қаламайтынын айтады. Талқы басталып, күйеуі де сөйлей бастайды. Әйел өзін ұстай алмай, айқайлап жылай бастады. Ұзақ жылайды. Өте ауыр көрініс... 

Ток-шоу істедік деп мәз шығарсыздар, «Хабардағы» әріптестер. Кейіпкерге берген уәдеде тұрмай, этиканы бұзғандарыңыз — бөлек әңгіме. Сіздер онсыз да өмір бойы ауыр психологиялық травма алған, содан емделіп жүрген адамды қорлап, әйелге үлкен қауіп төндірдіңіздер. Жылдар бойы таяқ жеп, күйеуінен зәбір көрген адамның нәзік, сезімтал психикасымен бұлай ойнайтындай сіздер кімсіздер? Ток-шоудан соң әйел ес жинай алмай, ұзақ жылады дейді. Оған бірдеңе болса, жауап бересіздер ме?!

«Хабардағы» (еркек) жүргізуші эфир кезінде «Тұрмыстағы зорлыққа әйелдің өзі жеткізетін шығар, мүмкін шыдау керек шығар?» дегендей сұрақ қояды. Сарапшы ретінде шақырылған нумеролог  «еркекке еркелеу керек, алдына түсіп алмау керек» дегендей ақыл айтады. Басқалар да әйелді татуласуға шақырады. Айта берсең көп... «Хабар», ток-шоу істемей-ақ қойшы», деп түйіндеді ол.

Ал NazymPR агенттігінің негізін қалаушы Назым Жанғазы телеарнаның бұл жағдайды эфирде тұтас елге шоу ретінде таратуы әйел мен оның балаларының психологиялық жағдайына әсер ету мүмкін екенін жазды.

«Жағдайдың еш өзгермейтінін қалай түсінбейсіздер? Қазір татуласып алған соң, үйеуі бұрынғы әніне қайта басып, қорлауын жалғастырса, не болады?», дейді ол. 

Әлеуметтік желідегі резонанстан соң «Хабар» агенттігі» АҚ-ның Басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаев Фейсбук парақшасында кейіпкер мен халықтан кешірім сұрады.

«Қадірлі көрермен!
Біздің арнадағы жаңадан эфирге шыға бастаған «Бірақ...» әлеуметтік ток-шоуына қатысты түрлі пікір жазылып жатыр. ТВ-дағы айтылған мәселеге көңіл бөліп, пікірлерде жазып жатқан уәждеріңіз назарымыздан тыс қалып жатқан жоқ. 

Қалдырған пікірлердің ішінде бағдарламаның жүргізушілерін, авторларын іздеп, біраз сұрақ туындатқан екен. «Бірақ...» бағдарламасының эфирге шыққанына 2 күн ғана болды. Жобаның басты мақсаты – қоғамды алаңдатып отырған әлеуметтік мәселелер, отбасылық құндылықтар және басқа өзекті мәселелерді көтере отырып, спикерлер, психологтар, заңгерлер мен басқа да сала мамандарымен бірлесіп, талқылау және шешу жолдарын іздеу. Бұл тақырыпты қозғап, нақ осы кейіпкерлермен бағдарлама жасау арқылы қоғамды дүрліктіріп, вирустық контентке айналдыру ниетінен аулақпыз. 

Кешегі эфирде бір отбасының мәселесі тікелей эфирде көрсетілді. Орын алған жағдай әрқилы пікірлер легін туындатты. Осы оқиға аясында тіпті қоғамның көкейінде жүрген өзге сауалдар әлеуметтік желілер кеңістігіне ағылғанын мұқият оқыған адам байқар. "Бірақ"-тың шалыс басқан қадамы әлі түзеледі. Редакцияға осындай дереу қоғамдық талқы, қолдау да маңызды. Дәл бүгін қатысқан кейіпкерлерден де, көрерменнен де сұраған кешірімімізді қабыл алыңыздар. Өз алдына қонағымыз болып келген Гүлмира Смайлова мен "Қорғау-Астана" кризистік орталығының ұжымынан жеке кешірім сұраймыз», - деп жазды ол.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow