«Қазақтың Тони Старкі»: Аралға қолдан жаңбыр жауғызған инженер жұмысының қыр-сырын айтты
"Жаңбыр адам" бұл жобамен бірнеше жылдан бері талай табалдырықты тоздырғанын, нәтиже болмағасын халыққа жария етіп жасауды ұйғарғанын жеткізді.
Небәрі бір аптада Арал бассейніне шамамен 50 млрд шаршы метр су кірді. Бұл – бір кездері асаудай тулаған теңіздің жиырмадан бірі. Жасанды жаңбыр технологиясының көмегімен Аралды тірілту операциясын жүргізіп жатқан команданың жұмысы туралы жоба авторы, климаттық технологиялар маманы, инженер, өнертапқыш Алтай Айнабек Massaget.kz тілшісіне айтып берді, - деп жазады sadaqmedia.kz ақпарат порталы.
Алтай Айнабекті бүгінде TikTok, Instagram сияқты әлеуметтік желі қолданушылары "жаңбыр адам", "қазақтың Тони Старкі" деген атпен таниды. Климаттық технологияны Қазақстанға әкелген кейіпкеріміздің "қолдан жаңбыр жауғызған" видеолары ел арасында кеңінен танымал. Қызылорда облысының айдынды Арал өңіріне дейін ол мұны Маңғыстау мен Түркістанда сынақтан өткізіп көрген еді.
"Маңғыстау әкімдігі атқарған жұмысымызды "тасаттық" деп атап, рахмет те айтпай шығарып салды. Халықта күмән қалды. Түркістандағы тәжірибеден кейін жұртта аз-маз сенім пайда болған сияқты. Бұл жолы министрлікпен келісіп жұмыс бастадық. Келісімге сәйкес қуаңшылыққа қарамастан жаңбыр жауғыза алсақ, жұмысты жалғастырамыз. Аралға барған бір аптада Орталық Азияның жүздеген мың тұрғынын таңырқатқан нәтиже байқалды. Теңіз акваториясына 50 млрд шаршы метрдей су тартылды, көп бөлігі түсті. Маңғыстаудан Алматыға дейінгі аралықта, Өзбекстан, Қарақалпақстан мен Түркіменстан төңірегінде жауын-шашын тіркелді", - деді Алтай Айнабек.
Әлемдік банк пен Азия даму банкінің бағалауына сәйкес елімізде су тасқыны, сел, қуаңшылық, рекордты ыстық сияқты құбылыстар күшейе бермек. Орта Азия мемлекеттерінде әртүрлі есеп траекториясы бойынша температура 2,7-4 градусқа дейін жоғарылайды. Ал 2040 жылы Орталық Азия мемлекеттері Африканың суға зәру кедей елдері сияқты су ресурстары тапшы мемлекеттер қатарына қосылуы мүмкін.
Кейіпкеріміз Арал теңізінің тартылып, табаны көрінетіні өткен ғасырдың 70-жылдары белгілі болғанын айтып отыр.
"Жергілікті халықтың сөзінше, сол уақытта Арал қаласы тұрғындарының 80 пайызы орыстар болған. Бірақ көбі экологиялық катаклизм болатынын біліп, басқа жаққа көшіп кеткен. КСРО ғылым академиясы бұл мәселенің бірден-бір шешімі климаттық технология екенін болжап, бұлт егу, детонация сияқты технологияларды сынап көрген. Бірақ оларда мұхит акваториясынан ылғал тартатын технология болмаған. Сондықтан жауын деңгейін 15 пайыздан артық көтере алмаған, бұл өте аз. Сол үшін бірінші кезекте атмосфераның төменгі қабаттарын иондау әдісіне жүгіндік. Бұл ылғалды тартуға көмектеседі. Нәтижеге көз жеткізгесін 100 шақты дронмен қосымша жасақтаймыз. Қазір 3 министрлік, 2 институттан жұмыс тобы құрылып жатыр. Аралға ылғал тартып, оны конденсаттауға ықпал жасасақ, онда Орталық Азия елдері келешекте су қауіпсіздігіне алаңдамаса болады. Біз жауын шашын деңгейін кемінде 100 пайызға көтеруді жоспарлап отырмыз. Былтыр тамызда Түркістан облысында су деңгейі 650 пайызға көтерілген еді. Соңғы жылдары Аралға тіпті су келіп жатқан жоқ. Біздің есебімізше, бір жылда оған кемі 8-15 шаршы шақырым су құйылуы тиіс. Бұл 4 "Шардара" су қоймасының көлемімен бірдей", - деді кейіпкеріміз.
Кейіпкеріміздің сөзіне сүйенсек, атмосферада бір мезетте 10 трлн тонна су бу түрінде болады. Оның орта есеппен 80 пайызы мұхитқа түседі. Жаһандық жылыну әсерінен болатын дала мен орман өрттерінің, құрғақшылық пен су тапшылығының жалғыз шешімі – жауын суы.
"Климаттық технология арқылы Арал бассейнін толтырып қана қойған жоқпыз. Көптеген жерде ауа температурасы біршама түсіп, аптаптың беті қайтты. Қатты ыстыққа шыдас бермейтін адамдар үшін қолайлы климат орнады. 10 миллиондай адам электр қуатын аз пайдаланып, миллиардтаған қаржы үнемделуді. "Қазгидромет" "өрт қаупі жоғары" деген қаншама хабарлама жіберді. Бірақ, әйтеуір, одан аманбыз", - деді Алтай Айнабек.
"Жаңбыр адам" бұл жобамен бірнеше жылдан бері талай табалдырықты тоздырғанын, нәтиже болмағасын халыққа жария етіп жасауды ұйғарғанын жеткізді.
"Өйткені тиімді жобаларды үкімет үнемі өткізе бермейді. Әзірге сыртқы күштердің қаржылай қолдауынсыз бастап жатырмыз. Облыс әкімдігі тарапынан әзірге мардымды қолдау байқалмай отыр. Одан әрі үкімет, бизнес қолға алады деп ойлаймыз. Өйткені бұл – еліміздің су қауіпсіздігі мәселесін шешетін жалғыз жол", - деді кейіпкеріміз.
Сіздің реакцияңыз қандай?