Мүгедектігі бар азаматтар министрлерге кеңесші қызметіне ұсынылмақ
Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өмір сапасын жақсарту мақсатында бірнеше бағытта қызметтер атқарылып жатыр. Бүгінгі таңда 35 мыңдай нысан мүгедек азаматтардың кіріп-шығуына қолайсыз болғандықтан, жөндеу жұмыстары қолға алынбақ, - деп жазады sadaqmedia.kz ақпарат порталы.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Қабыкенқызының айтуынша 2026 жылға дейін талапқа сай емес 35мың нысан мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы етіп жасалынбақ.
"13 мыңы биыл бітеді. Кезең-кезеңмен жүзеге асады. Бұрын Жол картасы негізінде әлеуметтік жұмыстарға қаржы бөлінетін. Өмір бір орында тұрмайды. Жаңа дәріханалар, дүкендер ашылып жатыр. Биыл Өнеркәсіп және құрылыс министрілігімен бірлесіп жаңадан стандарттар қабылдадық. Ол стандарттарға сай енді тұрғызылатын құрылыс нысандары осы мүгедектігі бар азаматтардың жүріп-тұруына ыңғайлы етіп бірден салынатын болады. Сонымен қатар алдағы уақытта әр министрге кеңесші ретінде мүгедектігі бар азаматтарды қызметке қабылдауды ұсынып отырмыз", — деді министр.
Мәжілісі депутаты Сейтжан Кенжеғұлдың айтуынша көптеген қазақстандықтар мүмкіндігі шектеулі азаматтарды кәдімгі қарапайым адам ретінде қабылдамайды.
"Қоғамда мүмкіндігі шектеулі адамдарға ғарыштан келгендей таңырқай қарап, аяп, піссіміләсін айтып, кейде ренжіп жатады. Министрлік ананы, мынансы істесін деп бәрін үкіметке арта бермей, барша азаматтар біз сияқты жандарға кәдімгі қатардағы қарапайым адам ретінде қабылдаса деген ниетім бар. Журналистерден сұраймын. Сіздер соны жеткізсеңіздер", — деді президент жанындағы Халықтың әлеуметтік осал топтарының құқықтары жөніндегі уәкіл, Парламент мәжілісі депутаты.
Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі азаматтар саны 725 мың адам. Оның ішінде 109 мыңы балалар. Мүгедектердің ішінде жұмысқа қабілеттілерінің саны 420 мың. Соның 135 мыңы жұмыс істеп отыр.
Сіздің реакцияңыз қандай?