Ит-мысық жеген асыранды балалар оқиғасы: бір баланың әжесі Өскеменде тұрады

Маусым 7, 2024 - 17:01
Маусым 7, 2024 - 17:02
Ит-мысық жеген асыранды балалар оқиғасы: бір баланың әжесі Өскеменде тұрады

Қазақстанның әр қаласынан алты баланы асырап алған шымкенттік емшіге қатысты тың деректер анықталып жатыр.

Қазақстанның әр қаласынан алты баланы асырап алған шымкенттік емшіге қатысты тың деректер анықталып жатыр. Балалардың бірінің әжесі Өскеменде тұрады. Kazinform тілшісі 65 жастағы Наталья Устиновамен жолығып, жиен немересінің асырауға қалай берілгенін сұрап көрді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Қызым Ольга аспаз болып жұмыс істейтін. Бірде Бұқтырмадағы «Чайка» демалыс базасына жұмысқа орналасып, демалушыларға тамақ пісіріп жүрді. Сонда слесарь болып істейтін Қайратпен танысты. Әңгімесі жарасып, көңіл қосқан екеуі бірге тұрды. Бірақ заңды некеге отырған жоқ», – дейді Наталья Устинова.

2019 жылдың жазында Ольга жарық дүниеге сәби алып келді. Ол кезде жасы 39-да болған. Бұған дейін тұрмысқа шықпаған, бала сүйіп көрмеген. Ұлының есімін Руслан деп қояды.

«Балалы болғандарына әкесі қуанған жоқ. Керісінше, оларды тастап кетті. Қызым депрессияға түсіп, сарыуайымға салынды. Ішімдік ішіп жүрді. Өзім де, күйеуім де оған қолдау білдіріп, демеу болуға тырыстық. Банктен 3 млн теңге несие алып, ескі үйімізді жөндеттік те, екеуін кіргізіп алдық. Бала үшін бір бөлмені арнайы жабдықтадық. Ольга сабасына түсіп, қалыпқа келе бастады. Бірақ 2021 жылы өршіген коронавирус атты кесел қызымды айналып өтпеді. Қатты ауырған ол 14 күн бойы жансақтау бөлімінде жатып, еш оңалмай қайтыс болды. Немеремізді атасымен өз қамқорлығымызға алдық», – деп сөзін сабақтады ол.

«Жұт жеті ағайынды» дегендей, бұл отбасына түскен тағдыр тауқыметі осымен тәмамдалмаған. Жарты жылдан кейін инсульт алған атасы құрығы ұзын ажалдың кемесіне мінген.

«Тіреуімнен айырылып, жалғыз қалдым. Несие төлеу үшін қайта жұмысқа шығып, Русланды Өскемендегі сәбилер үйіне өткізуге мәжбүр болдым. Қызым сияқты өзім де аспазбын. Басында уақытша деп ойладым. Бірақ қарыздан құтыла алмай, күндер, айлар сырғып өте берді. Немереме үнемі барып, хал-жағдайын біліп тұрдым», – дейді Наталья Устинова.

2023 жылдың күзінде Русланды шымкенттік отбасы асырап алуға ниетті екенін естіген. Кімдер екенін зерттеп, әлеуметтік желіден ер адамның емшілікпен айналысатынын көрген.

«Руслан оны бірден «әкелеп» кетті. Көре сала «әке, әке» деп жүгіре жөнелді балапан... Кіршіксіз таза жүрегі арамдықты қайдан сезсін... Өзін байыпты ұстап, баланы басынан сипап, еркелетіп тұрған әлгі адамды көргенде мен де сеніп қалдым. Сөйтіп, сол жылдың 16 қазанында ол Руслан мен Александр есімді тағы бір баланы Өскеменнен Шымкентке алып кетті. 6 баланы асырағанын кейін мына сұмдықты естігенде барып білдік қой», – дейді.

2024 жылдың ақпанында сол алты баланың үлкені өздерінің мүшкіл халдерін айтып көмек сұраған соң тексеру жүргізіліп, емшіге қатысты қылмыстық іс қозғалған. Демек, Руслан осы отбасында 4 ай болған. Қазір ол Шымкенттегі кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында.

«Жауыздың немереме және басқа балаларға қандай қатігездік көрсеткенін естігенде жүрегім қарс айырылды. Бұл – нағыз айуандық! Жануар екеш жануар да баласына олай істемейді. Ал сол адамның өзін әкедей көріп тұрған кішкентай періштелерге қиянат жасауын еш ақтауға болмайды. Оны қатаң жазалау керек!» – дейді Наталья Устинова.

Әжесі немересінің Өскеменге қайтып келуін тілейді. Қарыздан әлі құтылмаған. Жасы 65-ке келсе де жұмыс істеп, несие төлеп отырғанын айтады.

«Русланды осындағы балалар үйіне алдырса, апта сайын барып тұратын едім. Оған дұрыс күтім жасалып жатқанын қадағалап, керек-жарағын жеткізіп отырамын. Жасым да біразға келді. Несиеден құтыла алмай тұрғаным болмаса немеремді өзім-ақ бағушы едім. Міне, біздің оқиға – осы», – деп ауыр күрсінген зейнеткер сөзін аяқтады.

Kazinform тілшісі Наталья Устинова айтқан Өскемендегі сәбилер үйіне де барып көрді. Бірақ ондағы күзетші мекеме директоры Фатихова Салтанат Ерболатқызының орнында жоқ екенін айтып, қақпа сыртынан ары қарай өткізбеді.

Еске салсақ, бұған дейін Шымкентте жергілікті танымал емшінің 6 баланы асырап алып, оларға дұрыс қарамағаны, ит пен мысық етін бергені, азаптап келгені белгілі болды.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow