«Қадірсіз мамандыққа айналып бара жатыр»: Белгілі кәсіпкер ұстаздар туралы пікір білдірді
Соңғы 15-20 жылда мұғалімнің қадірін сәл түсіріп жібердік. Қалай түсіріп жібердік? ҰБТ-дан төмен балл алып қалғандар мұғалімге баратын жағдайға жеттік.
Танымал кәсіпкер Сырымбек Тау "Ұрпақ" подкастында мұғалімдер әулетінде дүниеге келгенін айтты, - деп жазады sadaqmedia.kz ақпарат порталы Massaget.kz сайтына сілтеме жасап.
Кәсіпкер әкесі де, анасы да мұғалімдер болғанын айтты.
"Мен Моңғолия мемлекеті Баян-өлгей өлкесі Сақсай деген ауылда дүниеге келдім. Тау әулетінің бесінші баласымын. Үйде жеті ағайындымыз. Мұғалімдер әулетінде дүниеге келдім. Әкем де, шешем де - мұғалім. Сол салада көп қызмет істеген. Әкем физика-математикадан, ал шешем тілдерден сабақ берді. Екеуі де мемлекеттік қызметкер. Олар жақсы ата-ана болды", - дейді кәсіпкер.
Сырымбек Тау қазір мұғалімнің қадірі түсіп кеткенін жеткізді.
"Сол кездегі педагогтар нағыз мамандар болды. Қазіргілерді бөліп жармаймын. Ол кезде мұғалімнің абыройы бар еді. "Менмін" деп оқыған адам мұғалім болатын заман еді. Бізде "мұғалім" деген жобамыз бар. Соңғы 15-20 жылда мұғалімнің қадірін сәл түсіріп жібердік. Қалай түсіріп жібердік? ҰБТ-дан төмен балл алып қалғандар мұғалімге баратын жағдайға жеттік. Мұғалім деген қадірсіз мамандыққа айналып бара жатыр. Сол үшін де осы жобаны жасағанбыз", - дейді ол.
Кәсіпкер мұғалімдердің дәрежесін қайта көтеруге барынша ат салысып жатырғанын айта кетті.
"Бұрынғы заманда мұғалімді сыйлау, мұғалімнің дәрежесі сол кездегі кәсіпкер немесе басқа жұмысшылардан жоғары еді. "Менің баламды тәрбиелеп жатқан адам" деп қарайтын едік. Қазір ол статусты жоғалтып алдық. Бірақ қайта әкелуге барынша ат салысып жатырмыз", - деді Сырымбек Тау.
Сіздің реакцияңыз қандай?