«Ебін тауып, елдеріңе шақырыңдар»: Оңтүстік Корея заңсыз жұмыс істеп жүрген 15 мың қазақстандықты қайтаруды талап етті

Қазан 14, 2024 - 16:36
«Ебін тауып, елдеріңе шақырыңдар»: Оңтүстік Корея заңсыз жұмыс істеп жүрген 15 мың қазақстандықты қайтаруды талап етті

Оңтүстік Корея Қазақстан азаматтарына заңды жұмыс істеуге рұқсат беру үшін біздің елімізге үш талап қойып отыр. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, министрлік әзірлеген келісімшарт Корея тарапына жіберілген. Қазір ол елде қарастырылып жатыр.

«Бұған қоса биыл жазда Корея президенті келгенде, екі елдің еңбек министрлері тиісті меморандумға қол қойдық. Қазір меморандумға сәйкес, құжаттармен алмасып жатырмыз. Сондай-ақ, біздің вице-министр Асқарбек Ертаев мырза нақты осы жұмыс бойынша Кореяға барып келді. Корея Қазақстанға үш талап қойып отыр. Біріншісі – Кореядағы елшілікте жұмыс бойынша атташе лауазымын енгізу. Екіншісі – Кореяда заңсыз жүрген 15 мыңға жуық Қазақстан азаматын елімізге қайтару. Сол азаматтарды жолын тауып, елдеріңе шақырыңдар деп талап қойып отыр. Үшіншісі –халықаралық сертификат. Қазақстандықтар Кореяға жұмыс істеуге барарда сертификация рәсімінен өтуі керек. Біз үш өңірде жаңа орталықтарды дайындап қойдық. Айта кетері, біз барлық талапты орындадық, енді қазір күту ғана қалды», - дейді Жақыпова Мәжіліс кулуарында.

Министр «заңсыз жүрген 15 мың қазақстандықты Кореядан қалай қайтарасыздар» деген сұраққа:

«Егер олар әуежайдан қазір билет алып, елге оралса, оларға ешқандай әкімшілік, құқықтық міндеттемелер қойылмайды. Егер мерзімінде келмей, қалып қойса, сол жерде құқықтық міндеттемелер туындайды. Елге оралмайтындарға қандай жаза қолданылатынын мен білмеймін», - дейді ведомство басшысы.

Жақыпова қазақстандықтарға Оңтүстік Кореяда заңды түрде еңбек етуге рұқсат беру жұмысын жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow