Disney және Pixar фильмдері қазақ тілінде «сөйледі»
Биылдан бастап Disney және Pixar студиялары үлкен экранға шығатын негізгі фильмдерін қазақ тіліне өз есебінен аударып ұсынады. Бұл туралы халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжехан өзінің Фейсбук парақшасында сүйіншіледі, деп жазады Sadaqmedia.kz ақпарат порталы.
«Аталған студиялардың «Ойжұмбақ 2» анимациялық фильмі, «Моана 2» шытырман оқиғасы мен «Муфаса: Арыстан патша» көркем фильмдерін осы маусымнан қазақ тілінде тамашалаймыз. Disney жыл сайын әр фильмнің түрлі тілдерге аударылған 30-ға жуық нұсқасын дайындайды. Солардың қатарында қазақ тілінің болуы – тіліміздің мәртебесін көтеріп, тартымдылығын арттырады», - деді ол.
Оның сөзінше, танымал фильмдердегі сүйікті кейіпкерлердің қазақ тілінде сөйлеуі – біздің жас көрерменге үлкен олжа. Қазақ тілінде еркін сөйлейтіндер де, тілді енді үйреніп жүргендер де сапалы дубляждалған фильмдер арқылы тілге бойлай түсетіні анық.
«Бәріңізге белгілі, «Қазақ тілі» қоғамы мемлекеттік тілдегі контент қорын, оның ішінде, анимация бағытын қазақшалауға басымдық береді. Біздің Қоғам жұмысының негізгі жобалары осы бағытпен үндес. Халықаралық деңгейдегі түрлі компаниялармен байланыс орнатып, ұсыныстар жолдап отырамыз. Сондықтан бұл тамаша жаңалықты қуана бөлісіп жатырмыз», - деп жазды ол.
Алғашқы аударылған жоба релизі 14 маусымға жоспарланған.
Сіздің реакцияңыз қандай?