«Дәрігер ішімнен басып, баламды өлтірді»: Ақмола облысында сәбиінен айырылған ана әділдік іздейді

Қазан 24, 2024 - 09:42
«Дәрігер ішімнен басып, баламды өлтірді»: Ақмола облысында сәбиінен айырылған ана әділдік іздейді
фото: видеодан скриншот

Ақмола облысы Бұланды ауданы Макинск қаласындағы перзентханада босанған Елена Шалько сәбиінің өлі туғанына осы перзентхананың дәрігері Сергей Белокозов кінәлі екенін айтып, видеоүндеу жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, биыл 15 қазан күні толғағы басталған кезде дәрігер үйіне асығып тұрғандықтан, оған толғақты күшейтетін дәрі егіп, ішінен қатты басқан.

«Мен Шалько Елена Макинск қаласындағы Бұланды аудандық перзентханасында баламнан айырылдым. Алдын ала болжамым бойынша, менің балам дәрігердің кінәсінен көз жұмды. Ол менің аяғым ауыр кезде 39-аптадан бастап 41-аптаға дейін денсаулығыма қарады. Бірақ, 10 күн ауруханада жатсам да дәрігерлер мені тексерген жоқ, ультрадыбыстық зерттеу жүргізген жоқ. Бірақ, суым кеткен кезде жатырдағы судың көптігіне өздері таң қалды. Баламның салмағы ауыр болды, ол 4 келі 900 грамм салмақпен туды. Бұл менің бірінші балам емес, толғағым жиілеп тұрғанын, бірақ босанатындай қатты емес екенін айтсам да дәрігер үйіне асығып тұрғандықтан, маған толғақты күшейтетін дәрі екті», - дейді әйел.

Оның айтуынша, дәрігер «үйіме асығып тұрмын, қашан босанасың» деген сыңайлы сөздер айтып, толғағы жанына батып бара жатқан әйелге дөрекі сөйлеген. Дәрінің әсерінен әйел қанша күшенсе де баласы шықпаған, оны көрген дәрігер ішінен басқан.

«Толғақ қысып жатса, өзіме айқайлап, «сені әлі неше сағат күтемін, тез босан» деді. Мені босанатын палатаға апарды, бірақ дәрігер өзі босана алмайды деп ойласа керек, тіпті ойында не болғанын білмеймін, әйтеуір менің кеудемнен басып-басып, баланы төмен қарай итерді. Мен тұншыға бастадым, бірақ дәрігер ішімнен қатты баса берді, ақыры баламды жансыз күйде алып шықты. Екі сағаттан кейін ғана балам өлі туғанын хабарлады. Келесі күні дәрігерге жолығып едім, ол маған «ішіңнен емес, иығыңнан бастым» деді. Бірақ, Құдайға шүкір, мен есімнен адасқан жоқпын. Маған толғақ шақыратын дәрі еккенін және менің ішімнен басқанын білемін. Сараптама көрсеткендей, бала құрсақ ішінде өлген. Бірақ дәрігер оны жоққа шығарып, маған ауруды басатын дәрі ектім деп бой бермей отыр. Бас дәрігердің орынбасары маған «босандырған дәрігердің үстінен жазған арыңызды алып алыңызшы, бізде онсыз да маман тапшы» деді. Ал мен баламның өлімі жазасыз қалғанын қаламаймын. Оның үстіне, дәл осы дәрігер Ақмола облысы Степногорск қаласында екі баланы өлтірген деп естідім. Әлі қанша баланы өлтіретінін кім білсін», - дейді ана.

Ал, Ақмола облысының полиция департаменті сәбидің өлімі бойынша факт тіркелгенін хабарлады.

«Бұл фактіні Бұланды ауданының полициясы тіркеді. Мән-жайды тексеру үшін іс материалы Денсаулық сақтау министрлігінің Ақмола облыстық департаментіне жолданды. Сол тексерудің қорытындысы бойынша заңды шешім қабылданады», - деп хабарлаған Ақмола облысының полиция департаменті.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow