Бетін пышақпен тіліп тастаған: Германияда қаза тапқан судьяға қатысты тың дерек шықты
Сайлыбаевамен бір мезгілде оның Ресейден келген 49 жастағы қайын енесі Наталья Донцова жоғалып кетті.
16 маусым күні Германиядағы Бенсхайм қаласының маңынан отандасымыз, экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның денесі табылғанын жазған едік. Бүгін криминалистер жүргізген сот-медициналық сараптама нәтижесі жарияланды, деп жазады sadaqmedia.kz ақпарат порталы
Bild хабарлауынша, марқұмның қолында, мойны және бетінде пышақ іздері болған.
«Біз арпалыс болды деп ойлаймыз, шамасы әйелге шабуыл жасалған секілді. Ол өзін қорғаған болуы керек», - дейді тергеуші.
Алайда бұл іс бойынша әлі күнге дейін бірде-бір күдікті анықталмаған.
40 жастағы Айгүл Сайлыбаева Шеффилдте (Англия) оқып, кейін Астанада судья болып жұмыс істеді. Соңғы жылдары ол Германияның батысындағы Бенсхайм қаласында күйеуімен, қызымен және қайын енесімен бірге тұрды.
4 маусым күні таңертең Сайлыбаева екі жасар қызы Жаклинді балабақшаға апарады. Содан бері оны ешкім көрмеген. Арада 12 күн өткенде оның денесі қаланың шетінен пластикалық қапшыққа салынған күйі табылды.
Сайлыбаевамен бір мезгілде оның Ресейден келген 49 жастағы қайын енесі Наталья Донцова жоғалып кетті. 4 маусымда ол немересін балабақшадан алып, үйіне алып келген. Содан бері ізім-ғайым жоқ. Қазір Жаклин әкесімен бірге.
Марқұмның ағасы Қанат Сайлыбаев әпкесін туған жеріне жерлегісі келетінін айтқан.
«Біз өте жақын болдық... Қатты уайымдадық. Бұл Айгүлдің мінезіне жат. Ол әдетте хабарламаларға бес минут ішінде жауап беретін. Ата-анамыз Айгүлмен күн сайын, соңғы рет 3 маусымда телефонмен сөйлесті. 5 маусымда біз полицияға хабарладық. Айгүл өте ашық және жанашыр адам болды. Ол қызын бәрінен де қатты жақсы көрді және сүйікті ана болды. Айгүлдің өліміне кім кінәлі болса, ол әділ жазаға тартылып, әділдік орнайды деп үміттенемін», - деді Қанат Сайлыбаев.
Сіздің реакцияңыз қандай?