«Басы қақ айырылып кеткен»: Талғардағы қанды оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды

Бірнеше күн бұрын Талғар қаласында бір топ адам арасында төбелес болып, 16 жастағы Шерзат көз жұмған болатын.

Қазан 8, 2024 - 15:31
Қазан 8, 2024 - 16:42
«Басы қақ айырылып кеткен»: Талғардағы қанды оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды

Алматы полиция департаменті кәмелетке толмаған баланы өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Бүгінде барлық кінәлі адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған.

“Қылмыстық істі тергеу Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауына алынып, оның нұсқауы бойынша арнайы жедел-тергеу топ жұмыс атқаруда. Барлық жиналған дәлелдер, соның ішінде бейнебақылау камераларынан алынған жазбалар зерттелуде. Қазіргі уақытта жеті адамның қылмыс жасауға қатысы бар екені анықталды. Әрқайсына жеке құқықтық баға берілетін болады. Қайтыс болған жасөспірімнің заңды өкілдері тергеу барысы туралы хабарланып жатыр. Тергеу мүддесі үшін өзге де ақпарат жария етуге жатпайды”, - деп мәлімдеді полиция өкілдері.

Бірнеше күн бұрын Талғар қаласында бір топ адам арасында төбелес болып, 16 жастағы Шерзат көз жұмған болатын. Төбелес дүкенде болған. Бір жас жігіт дүкенге келіп, бір құты сыра алып, ақшасын төлемей кете барған. Сатушы сыраның ақшасын төлеуді талап еткен. Арада жанжал туындаған. Сатушының інісі мен ұлы, 16 жастағы Шерзат клиенттен кетуді сұраған. Бірақ сыра алған жігіт достарына қоңырау соғып, дүкенге үш көлікпен бір топ жігіт келген. Арасында үш-төрт қыз да болған.

Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. 

Қансыраған бір отбасының мүшелері ауруханаға жеткізілген. Көп ұзамай жасөспірім жансақтау бөлімінде көз жұмған. Төбелеске қатысқан Шерзаттың ағасына үш рет пышақ салғаны белгілі болды. Қазір ер адам ауруханада ем қабылдап жатыр.

Шерзатты күдіктілер айуандықпен өлтірген. Қансырап жатқанында күдіктілердің біреуі артынан келіп, автоматпен ұрған екен. 
"Мәйітті өз көзіммен көрдім. Баланың басы қақ айырылып кеткен. 30-ға келген еркектер 16-дағы жасөспірімге жабылған. Әкесін сабап, бауырымды үш жерден пышақтап кеткен. Бір сыра бермегені үшін өлді. Масқара ғой. Әкесіне қорған болғаны үшін өлтіріп кетті. Енді оларды неге шығарып жібереді? Әділдік қайда? Қай мемлекетте өмір сүріп жатырмыз? Осылай біздің балаларымыз өліп кете бере ме? Бұл не деген сұмдық?", - дейді марқұмның әпкесі.

Шерзаттың туыстары кемінде 13 күдікті барын айтады. Алайда полиция 7 адамды ғана ұстапты. Оқиға орнында болған Шерзаттың әкесі де мәлімдеме жасап, әділ сотты талап еткен еді. 

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow