«Әйнек сынықтары жаңбырша төгілді»: Алматыда тағы да автобус апаты болды

Апат салдарынан 9 адам зардап шегіп, медициналық көмекке жүгінген.

Шілде 16, 2024 - 12:30
Шілде 16, 2024 - 12:30
«Әйнек сынықтары жаңбырша төгілді»: Алматыда тағы да автобус апаты болды
Фото: Massaget.kz

Алматыда тағы бір автобус апаты болды. Видео әлеуметтік желіде пайда болды. Желідегі ақпарат бойынша Шаляпин мен Әшімов көшелерінің қиылысында болған, деп жазады sadaqmedia.kz ақпарат порталы.

Жол-көлік оқиғасы Наурызбай ауданында болған. Апат салдарынан 9 адам зардап шегіп, медициналық көмекке жүгінген.

Аталған жағдайға байланысты Алматы қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі түсінік берді.

"Әшімов көшесі бойымен солтүстік бағытта келе жатқан жүк көлігінің жүргізушісі Шаляпин көшесінің солтүстігіндегі аялдамаға тоқтаған 137-бағыттағы қоғамдық көлікпен соқтығысқан. Салдарынан қоғамдық көлік жолдың шығыс жағына шығып кетіп, жеке тұрғын үйдің қоршауына соқтығысқан. Алдын ала мәлімет бойынша, ЖКО салдарынан автобустың 9 жолаушысы зардап шекті. Жол-көлік оқиғасының басқа да мән-жайлары анықталып жатыр", - дейді Алматы қаласының полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Апатқа ұшыраған автобуста болған жолаушы жол апаты қалай болғанын айтты.

"Автобус тоқтайын деп тұрғанда алдынан КамАЗ шығып қалған болуы керек. естуім бойынша, автобустың тежегіші істемей қалған. Сондықтан жүргізуші оңға бұрып жіберіп үйге соғылған. Автобустағылар бірден алға қарай құладық. Мен басымды қатты ұрып алдым. Әйнек сынықтары жаңбырша төгіліп кетті. Алдында тұрғандар қатты зардап шекті. Үлкен кісінің аяғы сынды. Көп адамның үстін терезе жырып кетті. Бір баланың қолын терезе толық жырып кеткен. Бәрімізді алып кетті", - дейді куәгер.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow