Аятжан Ахметжанұлы: Министрліктің су басқан өңірге арнайы грант бөлуі – толық заңсыз
Биыл елімізде білім гранттарын бөлуге қатысты мәселе өршіп тұр. Түлектерге грант бөлу кезінде заңсыздық болды ма деген сауалға республикалық Qazbilim.kz орталығының басқарма төрағасы Аятжан Ахметжанұлы өзінің Facebook парақшасында жауап берді, деп жазады Sadaqmedia.kz ақпарат порталы.
«Биылғы грант тізімі шыққалы қаншама ата-ана, қаншама журналистер осы туралы сұрап жатыр. Мемлекеттік грант – мемлекет болашағына адами капитал дайындау үшін мемлекеттің халыққа жасаған ең үлкен мүмкіндігі. Ал мемлекет Конституциясының бірінші бабында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады. Оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» делінген. Сондықтан гранттың бөлінуін ешқандай жеке адами эмоциямды қоспай, Ата Заңның бірінші тармағы негізінде заңдық, құқықтық нормаларға сай талдап берер болсам, грант бөлу кезінде нақты кеткен өрескел заңсыздықтар бар.
1. «Елді мекенді су басқан жағдайда немесе басқа да төтенше жағдай болған жағдайда сол өңірдің түлектеріне гранттан арнайы квота бөлінеді» деген норма ешқандай заңда жоқ. Онда министрліктің су басқан өңірге арнайы грант бөлуі – толық заңсыз», - дейді ол.
Ол төтенше жағдайға байланысты грант бөлу туралы нормада жоқ, тіпті заңнамада да жоқ екенін алға тартады.
«Мысалы, грант бөлу туралы заңдық нормада: көпбалалы отбасынан шыққан балаларға, қандастарға, мүгедектігі бар азаматтарға, Серпін бағдарламасы негізінде айқындалған өңірлер түлектеріне деген секілді квоталар бар. Бірақ төтенше жағдайға байланысты грант бөлу туралы нормада жоқ. Тіпті заңнамада да жоқ.
Онда жоқ норманы ойдан жасап, грант бөлу нақты заңсыз емес пе? Әлде, біз білмейтін заң шықты ма?
2. Мемлекеттік грантты бөлу туралы ережеде: «Грант бөлу кезінде бітіруші түлектердің мамыр және маусым айындағы нәтижесі негізге алынады. Қаңтар, наурыз және тамыз айындағы ҰБТ нәтижесі тек ақылы бөлімге түсуге жарамды» делінген. Тайға басқан таңбадай нақтыланған.
Ендеше, грант бөлу кезінде төтенше жағдай болған өңірлерде қаңтар немесе наурыз ҰБТ нәтижесін грант конкурсына жарамды ету де – таза заңсыздық емес пе?! Ережеге өзгерістер енгізілді ме? Ол әділетті ме?
3. Төтенше жағдай болған өңірлерге тұтас облысты жатқыза салу да – заңға қайшы. Себебі тұтас облыстың бүкіл ауданда төтенше жағдай болып, сабақтар тоқтап, балалар мүміндіктен айырылған жоқ. Мысалы, Ақтөбе, Қостанай, Ақмола облыстарында су тасқыны болмаған аудандар бар. Басқа облыстарда да ондай аудандар бар. Бірақ олар да жеңілдік санатына кіргізілді. Яғни су баспаған қалалар мен аудандар да автоматты түрде бөлінген квотаға қатысты. Бұл да заңсыз.
4. Жеңілдік квотасы берілуінің заңдық негізі болу керек. ҰБТ – 11 жылдық білімнің көрсеткіші. Ал су тасқыны негізінен оқу бағдарламасы соңына қарай жеткенде болды. Онда оның 11 жылдық білімнің көрсеткішіне қаншалық әсері болуы мүмкін? (Бұны егер заң қабылдаса, заң жасаушы орган парламентке қойған дұрыс секілді.)
Тағы да ескертем, жазып отырғаным – жеке эмоциямды қайырып қойып, нақты заңдық тұрғыда қарастырған жауабым», - деп жазды ол.
Аятжан Ахметжанұлы егер осы мәселе айналасында ата-аналар заңға жүгініп, сот бола қалған жағдайда, министрліктік нақты жеңілетінін айтты.
«Төтенше жағдай орын алғанда зардап шеккендерге көмектесу, оларға әр түрлі жеңілдіктер беру – өте дұрыс. Бұл – мемлекеттің басты парызы. Бірақ...Біріншіден, бұл шешімдер заңды тұрғыда бекітілуі керек. Әйтпесе, ол жоғарыдағы Конституция тұрғысынан заңсыз! Негізі қосымша грант бөліп, оны заңдастыру керек еді. Президент айтқандай “Заң және тәртіп” принципі бұлжымай орындалу керек қой. Екіншіден, біреуге жеңілдік бергенде екінші біреудің құқын таптамау керек, обалына қалмау керек. Ал бұл осы жағдайда төтенше жағдай болмаған өңірдің жоғары ұпай алған баласының құқын таптап отыр, обалына қалып отыр. Сондай-ақ Ғылым және жоғары білім министрлігі жауабын да көрдім. Кінәні мамандық таңдаған түлектерге жаба салып, манипуляция жасау министрлікке де, министрге де ұят және бейкәсібилік. Қателікті мойындау да ерлік. «Бір топ ата-ана министрлікті сотқа бергелі жатыр екен, қалай ойлайсыз?» – дейді бір оқырманым. Іс сотқа жеткен жағдайда, Конституция нормасы сақталған сот болса, министрлік нақты жеңіледі»,- дейді ол.
Сіздің реакцияңыз қандай?