Астанада Назарбаев кітапханасының орнына басқа нысан ашылды
Астанадағы Назарбаев кітапханасының орнында енді президент орталығы жұмыс істейді. Бұл туралы бүгін БАҚ-қа ҚР Президенті іс басқармасы хабарлады, деп жазады sadaqmedia.kz.
«Мемлекеттің алғашқы тұлғаларының тарихи мұрасын сақтау — әлемдік тәжірибе. Аталған дәстүр президент орталықтары мен кітапханалардың қызметінде көрініс тапты. Тарихи-мемориалды мекемелер АҚШ, Франция, Түркия, Қытай, Малайзия, Әзербайжан және әлемнің басқа елдерінде бар. Олар мұрағат, кітапхана және мұражай функциясын біріктіре отырып, ұлт көшбасшыларының қызметіне қатысты құнды деректерді, кітап, киім артефактілерін сақтайды»,- делінген хабарламада.
Осылайша, бұрын Назарбаев кітапханасы болған нысан енді кешегі, бүгінгі және болашақтағы президенттерінің қызметі ұсынылған орталық болады.
«Орталықта Қазақстан көшбасшыларының құжаттарымен қатар тәуелсіздік тарихына қатысты материалдарды жинау, жүйелеу және зерделеу жоспарланып отыр. Осылайша Президент орталығы Қазақстанның қазіргі саяси тарихына арналған ірі тарихи-мемориалды, ғылыми және мәдени-ағарту орталығына айналуды мақсат етіп отыр» деп хабарлады Президенттің іс басқармасы.
Сіздің реакцияңыз қандай?