Алматылық боқауыз депутатқа айыппұл салынды
Тимур Елеусізовке депутаттық этиканы қатаң сақтау қажеттігі айтылып, әріптестері тарапынан сөгіс берілді.
Жиналыс кезінде сөз арасында боқтап жіберген Алматы мәслихатының депутаты Тимур Елеусізовке айыппұл салынды. Сонымен қоса оған мәслихат тарапынан сөгіс берілгені белгілі болды, деп хабарлайды sadaqmedia.kz ақпарат порталы.
Stan.kz сайтының жазуынша, боқауыз сөз айтқаны “Ұсақ бұзақылық” бабы бойынша айыппұл салынғанын мәслихат депутаты Тимур Елеусізовтің өзі хабарлаған.
Әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған видеосында ол қателігі үшін өкінетінін, заң алдында бәрі бірдей екендігін айтады.
Сонымен қатар ол алдағы уақытта экологиялық мәселелерге қатысты жұмыстарын жалғастыра беретінін айтқан.
Бұған дейін Алматы мәслихаты Елеусізовтің балағат сөз айтуына қатысты оқиғаға қатысты пікір білдіріп, оған сөгіс берілгенін жеткізген.
«Алматы қалалық мәслихатында бірден барлық депутаттардың қатысуымен әңгіме өтіп, оның барысында Тимур Елеусізовке депутаттық этиканы қатаң сақтау қажеттігі айтылып, әріптестері тарапынан сөгіс берілді», – делінген пікірде.
Еске салайық, мәслихаттың кезектен тыс XIV сессиясында Тимур Елеусізов баяндама оқып жатып, қиын сын есімді бірден оқи алмай, ауызынан боғауыз сөз шығып кеткен еді.
Сіздің реакцияңыз қандай?