Алмасбек Садырбай ұсталды

Оған сыбайластарымен бірігіп, Балқаш, Еңбекшіқазақ, Кеген, Райымбек және Ұйғыр аудандарында жалған ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрды деген айып тағылып отыр.

Қараша 6, 2024 - 09:30
Қараша 6, 2024 - 09:35
Алмасбек Садырбай ұсталды
фото: видеодан скриншот

Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті облыстық прокуратурамен бірлесіп, «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің басшысы А.Садырбайдың аса ірі мөлшерде ақша жымқырумен байланысты алаяқтық әрекетін әшкереледі.

Агенттің бапасөз қызметінің хабарлауынша, А.Садырбай басқаратын адамдар тобы Балқаш, Еңбекшіқазақ, Кеген, Райымбек және Ұйғыр аудандарында жалған ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрды деген күдік келтіріліп отыр.

Негізгі мақсат - ұсақ малдың аналық басын ұрықтандыруға субсидияларды заңсыз алу және жемшөп шығындарын өтеу. Бұл үшін заңнамаға қайшы ауылшаруашылық жерлері жоқ шаруа қожалықтары тартылды.

Бұдан әрі жалған кадастрлық нөмірлерді көрсете отырып, дәйексіз мәліметтерді қамтитын субсидиялар алуға өтінімдер қашықтан берілді. Бұл ретте ауыл шаруашылығы кооперативтері басшыларын хабардар етпей, олардың ЭЦҚ-сы пайдаланылды.

«Осылайша 1,2 млрд теңгеден астам қаражат ұрланған. А.Садырбай ұсталды. Оның сыбайласы тергеу сотының санкциясымен үй қамауында. ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге де мәліметтер жария етілуге жатпайды»,-делінген хабарламада.

Айта кетейік, ҚМА Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген субсидияларды алу кезінде деректерді бұрмалау фактілерінің жолын кесу бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow