Адамдар өлім алдында не көреді: медбикенің әңгімесі
Aдам өлім алдында көп ұйықтайды.
Джули Макфадден – қарқынды терапия бөлімшесінің бұрынғы медбикесі, ал қазір хоспис қызметкері. Ол емі жоқ науқастармен 16 жыл жұмыс істеп келеді және өлімнің қалай келетінін көріп жүр. Ол емі жоқ аурулармен ауыратын адамдарды және олардың жақындарын қолдау үшін өлім жайлы шындықты айтып, блог жүргізеді, - деп хабарлады Massaget.kz тілшісі.
Медбикенің айтуынша, адам өлім алдында көп ұйықтайды.
"Науқас тамақ жемейді және су ішпейді, ол 16-18 сағаттап ұйықтайды. Оның функционалды қабілеттері төмендей береді, адам көп сөйлей алмайды", - дейді Джули.
Медбикенің айтуынша, адам өлімнен емес, оның өліміне әкелетін аурудан қиналады. Адам өлер алдында ауырады ма? Ол оның ауруына байланысты. Алайда соңғы сағаттарда жиі адам өзін жақсырақ сезінеді.
"Науқас белсенді өлімге ауысады, бұл әдетте бірнеше сағаттан бірнеше күнге дейін уақытты алады. Бұл кезде адам толықтай ессіз жатады және оянбайды. Оның тыныс алуы, терісінің түсі өзгеріп кетеді. Көзі мен аузы әдетте ашық болады, себебі барлық бұлшықеттер босаңсиды. Бұл кезде оның туыстары ол қиналып жатыр деп ойлайды. Бірақ медбикелер адамға қай кезде жайлы, қай кезде ол ауырып жатқанын біледі. Егер ол ұйықтап жатқандай бос жатса, онда бәрі жақсы, - дейді Джули.
– Біз денеге өз ісін жасауға мүмкіндік береміз, себебі дене қалай өлу керегін біледі. Науқас тамақ пен су ішуді тоқтады да, дене кетозға ауысады. Ол эндорфиндер бөледі, бұл ауырсыну рецепторларын басып тастайды. Ол шынымен де өзін жақсы сезінеді".
Джулидің айтуынша, науқастар өлім алдында түстер көреді.
"Адамдар өзінің қайтыс болған туыстарын, үй жануарларын, жақындарын көреді, - дейді медбике. – Бұл көріністер оларды жұбатады. Науқастар оларды түстерінде көруі де мүмкін, бірақ жиі есі бар кезінде көреді. Елестеген адамдар оған былай дейді: "Мен жақында сені алып кетуге келемін, ештеңені уайымдама". Бұл қорқынышты естілуі мүмкін, бірақ 100% жағдайда науқастар осындайдан соң жұбанады. Олар кейін не болатынын түсінетіндей болады. Бұл оларға жайлылық сезімін сыйлайды. Мен өлімді қабылдай алмаған, бірақ осындай елестетуден соң тынышталған көптеген науқасты көрдім". Джули өлімнен кейін өмір бар екеніне сенетінін, сондықтан өлімнен қорықпайтынын айтты. "Бірақ егер ертең маған емі жоқ ауру диагнозын қойса, менде барлық эмоциялар болатын еді: қорқыныш, ашу, қайғы және т.б. Себебі мен қарапайым адаммын", - дейді ол.
Сіздің реакцияңыз қандай?