Қазақ компаниясы санкцияға ұшырады
Елімізге Еуропа Одағының санкциялар жөніндегі арнайы өкілі келеді.
Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Ресейге тыйым салынған тауарларды тасымалдаған "КБР-Технологии" қазақстандық компаниясы санкциясына ұшырағанын айтты, - деп хабарлайды sadaqmedia.kz ақпарат порталы Massaget.kz - ке сілтеме жасап.
Вице-премьер "КБР-Технологии" компаниясы санкция тізіміне енгенін атап өтті.
"Мемлекеттік кірістер комитеті мен Өнеркәсіп министрлігінің мәліметінше, бұл компания экспорт-импорт лицензиясын алуға өтініш бермеген. Бізде компанияның профилін жасайтын басым өнімдердің тізімі бар. Бұған дейін аталған компания Қазақстанға осы санаттағы тауарларды импорттамаған немесе экспорттамағандықтан тиісті профиль жасалмаған. Қазір біз оны анықтап жатырмыз", - деді ол Сенат кулуарында.
Серік Жұманғарин Қазақстан санкция талабын орындап жатқанын жеткізді.
"Тиісті тізімге енген тауарлар қатаң бақылауда болады. Біз санкцияны қолдамаймыз. Бірақ оны орындауға мәжбүрміз. Осы тұрғыда экспорттық-импорттық бақылауға жататын тізімді кеңейттік. Компания кеңейтілген тізімнен тауар жеткізген жоқ. Сондықтан олар нені жеткізгенін, заң бұзу дерегі қалай тіркелгенін анықтап жатырмыз", - деді үкімет басшысының орынбасары.
Оның айтуынша, келесі аптада елімізге Еуропа Одағының санкциялар жөніндегі арнайы өкілі келеді.
"Біз сейсенбіде Дэвид О’Салливан мырзамен кездесіп, осы мәселелерді талқылаймыз", - деді Серік Жұманғарин.
Сіздің реакцияңыз қандай?