5 жасар қыздың өліміне кінәліні бұрын жеңіл жазалаған судья төрағалықтан түсті
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Нұрқазы Шетенов Сарыағаш аудандық сотының төрағасы қызметінен босатылып, осы соттың судьялығына тағайындалған. Президент жарлыққа 6 қазанда қол қойған.
Бұған дейін Нұрқазы Шетенов Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Жібек жолы ауылында 5 жасар қыздың өліміне кінәлі деп өмірлік түрме жазасына кесілген 48 жастағы Сайдолим Гаийбназаровты бұрын "адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргені үшін" жеңіл жазалаған деген дауға қалған. Осыған байланысты Жоғарғы сот Шетеновті қызметінен босату туралы Жоғарғы сот кеңесіне ұсыныс бергені хабарланған.
22 қыркүйекте Жоғарғы сот кеңесі президентке Шетеновті "Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы" конституциялық заңның 34-бабы негізінде осы соттың судьясы қызметіне қалдырып, аудандық соттың төрағасы қызметінен өз еркімен босатуды ұсынған.
Шетеновтің судья болып тағайындалғанын Түркістан облыстық соты растады. Ол қазір денсаулығына байланысты "еңбекке жарамсыздық парағымен" демалыс алған.
Өзі жөніндегі даулы пікірлерден кейін, 7 қыркүйекте Нұрқазы Шетенов өз еркімен жұмыстан кету жөнінде өтініш жазған. Бірақ оның өтініш жазуына нақты не себеп болғаны ресми түрде айтылған жоқ.
7 қыркүйек күні Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 5 жасар қыздың өліміне күдікті деп қамалған Гаийбназаровты "Адам өлтіру" және "Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері" бабымен кінәлі деп тауып, өмір бойына түрме жазасын кесті.
Сот үкімі күшіне енгеннен соң сотталушыға химиялық кастрация жасалатын болған. Сот бұған қоса, айыпталушыны жәбірленуші жаққа 100 млн теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуге міндеттеген. Айыпталушы жазаны жеңілдетуді сұраған.
Өлген бес жасар қыздың ата-анасы үкіммен келісетінін, бірақ бұрын сотталушыға жеңіл жаза беріп босатқан судья мен сот шешіміне қарсылық білдірмеген прокурорды жауапқа тартуды сұраған еді.
Гаийбназаров 15 шілдеде екі айға қамалған. Ол "5 жасар қызды ән қойып беремін деп үйіне алдап кіргізіп, жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасады" деген күдікке ілінген. Сот мәліметінше, күдікті қылмысын жасыру үшін қызды пышақтап өлтірген.
Қазақстан президенті Қасым-Жомат Тоқаев бас прокуратура мен ішкі істер министрлігіне бұл іске байланысты оқиғаның мән-жайын тексеруді тапсырған.
Ресми мәліметке қарағанда, айыпталушы бұған дейін кісі өлтіргені үшін 10 жылға сотталған. Биыл сот «адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргені үшін» оның бостандығын 3 жылға шектеген. Оқиғадан соң Жоғарғы сот күдіктіні бұрын жеңіл жазалаған Сарыағаш аудандық сотының төрағасы Нұрқазы Шетеновті қызметінен босату туралы Жоғарғы сот кеңесіне ұсыныс берілгенін мәлімдеген.
Сіздің реакцияңыз қандай?