Ұлттық банк басшысы 10 жыл бойы пәтер жалдап тұрған
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов ипотеканың бастапқы жарнасын 10 жыл бойы жинағанын айтты, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Ұлттық банк басшысының "Алғашқы жарнасыз ипотека" петициясына қатысты пікірі сұралды. Петиция авторлары, ипотека бойынша бастапқы жарнаны алып тастауды талап еткен. Өйткені кей қазақстандықтар бастапқы жарнаның жоқтығынан жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаларға да қатыса алмайды және оларға қаражат жинау қиын.
Сүлейменов алғашқы жарна көпжылдық міндеттемелерді өз мойнына алуға дайын азаматқа жүктелетін міндет екенін айтты. Сондай-ақ ол үй сатып алудағы жеке тәжірибесін бөлісті.
"Мен де жас кезімде 10 жыл бойы пәтер жалдап, ипотеканың бастапқы жарнасына ақша жинадым”, – деді Сүлейменов.
Журналистер Ұлттық банк төрағасына: "Жастар табысының бір бөлігін пәтер жалдауға, қалғанын тамаққа жұмсайтын болса, бастапқы жарнаны жинау мүмкін деген шындыққа сәйкес келе ме?" деген сұрақ қойды.
Ұлттық банк басшысы ипотеканың банктік өнім екенін және банк бастапқы жарнасыз несие бергісі келсе, бұл оның барлық тәуекелдерді таразыға алғанын және оны азаматтарға ұсына алатынын айтты.
Сүлейменов ипотека нарығын қатаң түрде реттеу мүмкін емес екенін жеткізді. Өйткені бұл тұрғын үй несиелерінің толық жойылып кетуіне әкелуі мүмкін дейді.
Сіздің реакцияңыз қандай?