Динара Шүкіжанованың орнына кім депутат болатыны белгісіз
Respublica партиясының Парламенттегі өкілі Динара Шүкіжанова өз еркімен мандатын тапсырып, өңірдегі өндіріспен айналысатынын айтты.
Бір жылға жетер-жетпес уақыт депутат болған ол шынымен мандатын өз еркімен тапсырды ма? Парламенттегі ең жас партияның ішінде келіспеушілік жоқ па?
Жалпы депутаттардың мандатын өз еркімен тапсырып кетуі сирек, тосын жағдай. Сондықтан да Динара Аманжелқызына депутаттық мандатты тапсырып беруге біреу итермелеген жоқ па деп сұрақ қойдық. Бұл сұраққа экс-депутат «Жоқ» деп жауап берді.
– Бұл нұсқаның негізсіз екенін бірден ашып алайық. Иә, депутат мандатын өз еркімен тапсыру тосын әрекет болуы мүмкін. Бірақ менің шешімді құптағаны үшін әріптестеріме алғысымды білдіремін. Депутаттар бүгін мені өз жұмысыммен айналысуға жіберуді қолдап, дауыс берді. Бұл үшін Мәжіліс төрағасы Ерлан Жақанұлына алғысымды білдеремін. Бәлкім бұл «Жаңа Қазақстанның», демократиялық ел болудың белгісі шығар. Мысалы біз партия ішінде орнымызды ротация арқылы жаңартып, бір орынға жабысып отырамаймыз деп келіскен болатынбыз. Мұны біз іс жүзіне асырып жатырмыз, – деді ол.
Динара Шүкіжанова жас әрі жігерлі депутат болғанымен мемлекеттік тілді білмейтінімен есте қалды. Қазақ тіліндегі сұраққа орыс тілінде жауап бергеннен кейін «Америкалық дипломат 9 айда қазақ тілін үйреніп алды. Парламентте депутат болған 10 айдың ішінде қазақ тілін үйренбегеніңіз ұят емес пе?» деп сұрақ қойдық. Кейбір орыс тілді журналистер «Негізсіз сұрақ» деп жауап бермеуді сұрағанда экс-депутат «Дұрыс сұрақ» деп қазақ тілінде жауап беруге тырысты.
– Мен сізге қазақша айта беремін. Мен қазақ тілінде үйрендім. Қазір қазақша да, орысша да, ағылшынша да сөйлеймін. Сіз дұрыс айтасыз, Парламентке келгенде қазақша өте қиналып сөйледім. Бірақ қазір менің ойымша, менің қазақ тілім жақсы емес. Мойындаймын. Бірақ біздің комитеттің отырыстары қазақ тілінде болды. Сонда менде қазақша сөйледім. Сонымен сіздің сұрағыңыз «Неге қазақ тілінде сөйлемейсің?» дұрыс емес. Яғни мен қазақша сөйлеймін, – деді ол.
Сіздің реакцияңыз қандай?