Депутаттар Тұран әскери одағын құруды қолдап отыр

Биыл елімізде Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан елдерінің қатысуымен жауынгерлік дайындық шаралары аясында ауқымды әскери оқу-жаттығулар өтеді.

Қаңтар 17, 2024 - 16:59
Қаңтар 17, 2024 - 17:28
Депутаттар Тұран әскери одағын құруды қолдап отыр

Бірнеше мемлекеттің бас қосуымен өткелі отырған бұл әскери оқу жаттығуы көптен бері айтылып жүрген Тұран әскерін құруға ықпал ете ме? Сондай-ақ түркі мемлекеттерінің әскери одағы Ресей мен Қытайдан төнетін қауіптен сақтай ала ма?

«Ресейлік саясаткерлерге мән беру қажет емес»

Мәжіліс депутаты әрі «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, Тұран одағы тек қана Орта Азия мемлекеттеріне тиесілі болып қалмауы тиіс. Нақтырақ айтсақ, ол аталған одаққа Еуропадағы түрік мемлекеттері де қатысқысы келіп отыр.

«Жалпы қоғамда осыдан 500 немесе 1 200 жыл бұрынғы империяларды аңсайтын азаматтар бар шығар. Менің ойымша, әскери жаттығулар одақтық мәселе емес, шекралас болғандықтан жүзеге асып отыр. Сондықтан да мұндай әскери оқу жаттығулар міндетті түрде жиі өтуі керек.

Ал Тұран одағының құрылуы Ресей мен Қытайдан сақтануға ықпал ете ме деген сұраққа келсек, бес мемлекет шекаралас болғандықтан оның қайсы біріне қауіп төнетін болса, ол қалған төрт мемлекетке  тікелей тиесілі болады. Бұл Еуропадағы немесе қасымыздағы көршілерде болып жатқан әскери қақтығыстардың салдарын біз көріп отырмыз. Сол үшін біз мұндай оқу жаттығу өткізуге міндеттіміз.

Екіншіден, әскери ахуалымызды қаншалықты деңгейде екенін көруіміз керек, үшіншіден, тәжірибе аласуымыз қажет және төртіншіден, әскерилер арасында коммуникацияларды орнату керек. Бұл оқу жаттығулар тек қана  әскери күшті ғана көрсету ғана емес, осының аясында наркотрафик және адам саудасымен күрес секілді мәселелер талқыланады», – деді ол.

Ресейлік саясаткерлер Қазақстан мен Өзбекстанның терриориясына қатысты дау айтып жатады. Бұл сөздер болашақта бізге қауіптің Ресейден төнетінін аңғарта ма?  

«Ресейдегі саясаткерлердің пікірі тікелей Ресей президенті немесе оның билігінің ұстанымын білдірмейді. Мысалы сіз айтып жатқан Федоров секілді азаматтар Ресейдің билігі емес, тек қатардағы көп депутаттың бірі. Ол Ресейдің стратегиялық бізге деген аумақтық претензиясының көрсеткіші емес. Бірақ ресейлік саясаткерлер осыдан бір ғасыр бұрын да Финляндия мен Жапонияға байланысты өздерінің территориялық претензияларын айтып отырады. Сондықтан оған мән берудің қажеті жоқ. Бірақ депутаттар тарапынан нақты жауап берілді. Соңғы Федоровтың уәжіне біздің әріптесіміз Марат Башимов нақты жауап берді. Оның білімін 13 жасар баланың білімімен теңестірді», – деді депутат.

Тұран әскери одағын құруымыз керек

Ал Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапидың айтуынша, бес мемлекеттің әскери оқу жаттығу жиынын өткізуі - Тұран одағын құрудың алғы шарттарын бірі.

«Былтыр түркі елдерінің одақтастығы туралы 2-3 үлкен саммиттер өтті. Әскери жаттығу жиынын сол саммиттердің жалғасы деп есепетеймін. Қазір Қазақстан ғана емес, Орта Азия мемлекеттері үшін сыртқы қатерлерден сақтанудың бірден бір жолы 150 миллион болатын түркі елдері болып отыр. Сондықтан да біз 6 мемлекеттің бірлескен Тұран әскери одағын құруымыз керек. Содан кейін әлемдегі ең мықты әскер деп есептелетін НАТО-ның тәжірибесін Тұран одағы іске асыру керек.   

Солтүстіктен төнетін қауіпке келетін болсақ, Ресей Қазақстаннан айырылса, одан басқа сенетін елі қалмайды. Украинаның жағдайы белгілі болды, ал Белоруссияның Ресейден айырмашылығы шамалы болып қалды. Сондықтан Ресей Қазақстанан айрылмаудың айла-әрекетін жасайды. Жеке өз басым олар Украинаның жағдайын Қазақстанда қайталайды деп санамаймын. Ондай тәуекелге бара алмайды. Бірақ әр-түрлі әрекет жасайды. Мысалы біздің бюджеттің тең жартысынан астамын қамтамасыз етіп тұрған КТК құбырынан мұнайдың 90 пайызы шетелге сатылады. Күні ертең «апат болды» деп құбырды жауып тастауы әбден мүмкін. Былтыр 15 күн жапқанның өзінде миллиондаған доллар кірістен қағылдық. Осы секілді қауіп-қатерлерді ескермесе болмайды», – дейді ол.

 

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow