Атырауда өзін-өзі өртеп жіберген адам ауруханада көз жұмды

13 қаңтарда коллекторлар қарыз өтемесе, жұмыстан шығарамыз деп қорқытқасын мен Мақат кентіне банкке барып, қарыз ақша сұрауға барғанмын.

Қаңтар 17, 2024 - 16:45
Атырауда өзін-өзі өртеп жіберген адам ауруханада көз жұмды

Бүгін, 17 қаңтар күні Атырау облысы Мақат ауданы Доссор кентінде өзін өзі өртеген 62 жастағы ер адам облыстық аурухананың жан сақтау бөлімінде көз жұмды, деп жазады Азаттық радиосы. 

Туыстарының айтуынша, ол 13 қаңтар күні "әйелімен жанжалдасып өзі тұратын көппәтерлі тұрғын үйдің жанында үстіне бензин шашып, өзін өртеген". Денесін 70 пайыз күйік шалған Доссор тұрғыны Біржан Баетов Атырау облыстық ауруханасына жатқызылды. Кейін Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл дерек бойынша “өзін өзі өлтіруге дейін жеткізу” бабы бойынша қылмыстық істің қозғалғанын хабарлады.

Марқұм өндірісте қолынан жарақат алып, ІІІ топ мүгедегі атанған. Кейін мұзға құлап, аяғынан жарақат алған.

Ол көпбалалы әке, оның артында алты баласы қалды - екі ұл, төрт қыз. 20 және 22 жастағы екі қызы тұрмыста. Кейінгі балалары кәмелетке толмаған - 13, 10, 7, 5 жаста.

16 қаңтар күні марқұмның әйелі Мария Баетова Азаттық тілшісіне күйеуі өзін өртеуге неге барғанын айтып берді. Оның сөзінше, күйеуі өзін қызғанған және тамаққа ақша жеткізе алмаған кезде жиі жанжалдасатын.

“13 қаңтарда коллекторлар қарыз өтемесе, жұмыстан шығарамыз деп қорқытқасын мен Мақат кентіне банкке барып, қарыз ақша сұрауға барғанмын. Күйеуім баруыма қарсы болды. Ол мені ешқайда жібергісі келмейді. Бір жағынан сол ақша жетпестік титықтатып бітті, тамақ-киімімізге, үйге жеткізе алмай жиі ұрысамыз” дейді марқұмның 43 жастағы әйелі.

Жолдасы Біржан Баетов алты айдан соң зейнетке шығуы тиіс еді. Ол біраз жыл біреулердің малын бағып, кейін жұмыссыздар есебінде тұрды. Кейін жұмыспен қамту бөлімі ұсынған уақытша жұмыстар істеді. Былтыр бірнеше ай мектепте аула сыпырды. Ал кейін жергілікті әкімдікте аула сыпырушы болып орналасқан. 20 жастағы қызы Альбина әкесі былтыр қараша-желтоқсанда аула сыпырушы болып істегені үшін екі айдың жалақысын банктегі шоты бұғаттаулы болғасын ала алмай қалғанын айтады. Ол әкесінің өзін өзі өртеуге тек қызғаныш емес, әбден титықтатып біткен тұрмыс тауқыметі де психикасына қатты әсер етті ме деп ойлайды.

Доссор кентінің әкімі Аслан Қосмағамбетов тергеу жүріп жатқандықтан бұл отбасыға қатысты ештеңе айта алмайтынын мәлімдеді.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow