«Мені өлтіріп, мемлекеттік төңкеріс жасағысы келетін күштер бар» - президент
Төңкерісті ұйымдастырмақ болғандар наразылық акцияларында кісі өлтіру және жарылыстар жоспарлаған.
Қырғыз елінде тағы да дүрбелең. Ел президенті Жапаровтың "Мені өлтіріп, билікті күшпен басып алғысы келетін топтар бар" деген оқыс мәлімдемесінен кейін Қырғыз полициясы «Temirov Live», «Айт Айт дей», «Алға Медиа», «Арча медиа», «ПолитКлиника» медиаресурстарының офистеріне тінту жүргізіп жатыр. Сонымен қатар аталмыш ресурс қызметкерлерінің үйлері мен пәтерлерінде де тінту жасалған. «24.kg», «Kaktus Media» арнасының бірнеше журналисі қамауға алынған, деп хабарлайды sadaqmedia.kz.
Mezgil.kz басылымының жазуынша, Қырғыз ІІМ тінту мен ұстаудың барысында жоғарыда аталған басылымдарда жарияланған материалдардан «наразылық акциялары мен жаппай тәртіпсіздікке шақыру белгілерін тапқан. Төңкерісті ұйымдастырушылар наразылық акцияларында кісі өлтіру мен жарылыстарды жоспарлаған.
Естеріңізде болса, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров елде төңкеріс жасау әрекетінің алдын алғандарын мәлімдеген еді. Оның айтуынша, мұны олар тұрғындарының билікке наразылығын күшейту мақсатында жалпы ел аумағында жаппай тәртіпсіздіктерді дайындау мақсатында жасамақшы болған.
«Жоғарғы Кеңестің депутаты Эмиль Жамғыршиев өзбек мафиясының басшысы Салимбайға хат жазып, Ташиев екеуіміззің көзімізді жоюға көмек сұраған», - деген еді Жаппаров.
Жапаровтың айтуынша, 2005 және 2010 жылдардағы революциялар секілді бұл операция да шетелден қаржыландырылған.
Жалпы Қырғыз елінде мұндай оқыс оқиғалар жиі болып тұрады. Соңғы рет 2022 жылдың қазан айында төңкеріс жасауға ұмтылды деген айыппен Бішкекте 20 шақты шенеунік, қоғам қайраткерлері және тәртіпсіздік дайындаған деп күдіктенген басқа да адамдар ұсталғаны белгілі. Олардың қатарында еліміздің бұрынғы бас прокуроры Әзімбек Бекназаров, ІІМ экс-басшысы Кеңесбек Дүйшенбаев және басқа да тұлғалар бар.
Сіздің реакцияңыз қандай?