Дина Таңсәріге не үшін іздеу жарияланды?

Желтоқсан 28, 2023 - 14:59
Дина Таңсәріге не үшін іздеу жарияланды?
Фото: Qamqor.kz

Алматы қаласының, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарының полиция департаменттері қоғам белсендісі Дина Таңсәрінің үстінен алты қылмыстық іс қозғаған, деп хабарлайды sadaqmedia.

Қылмыстық істер Қылмыстық кодекстің "көрінеу жалған ақпарат тарату, жеке өмірге қол сұқпау тәртібін бұзу" баптары бойынша қозғалған. 

«Сотқа дейінгі тергеу барысында Смайылованың «НеМолчиKZ» қорының басшысы екені, сонымен қатар өзін қоғам белсендісі, құқық қорғаушы және әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықпен күресуші ретінде көрсететіндігі анықталды. Ол өз қызметін әлеуметтік желілерде кеңінен жариялайды. Алайда, Смайылованың көптеген жарияланымдары шындыққа жанаспайды, себебі олар тергеумен расталмаған",-дейді осы іске қатысты видеомәлімдеме жасаған ІІМ тергеу департаменті бастығының орынбасары Самат Аисов.

Яғни, осы алты қылмыстық істі қозғауға "Дина Таңсәрінің әлеуметтік желідегі жазбалары құқығымызды бұзды" деген адамдардың арыздары негіз болған.

"Тергеу мен жүргізілген сот сараптамалары көрсеткендей, «НеМолчиKZ» қорының басшысы тек өзінің субъективті пікіріне сүйене отырып, айыптау басылымдарын жазған. Смайылова жалған ақпарат таратумен қатар 2021 жылдан бастап, өзі Қазақстан Республикасынан тыс жерде бола тұра, өзінің әлеуметтік желілердегі парақшаларында зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету үшін қаражат жинайтындығы туралы жариялаған. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті тергеп жатқан алаяқтық бойынша қылмыстық іс аясында ағымдағы жылдың сәуір айында Смайылова Өскемен қаласында кәмелетке толмаған қыздың өзіне қол жұмсағаны туралы жалған мәлімет жариялағаны анықталды. Содан кейін ол қаза болған адамның отбасына көңіл айтып, бұл жағдайды жоққа шығарған полицияға сенбей, өз-өзіне қол жұмсау әрекетінің болғандығын және қыздың ауруханада жатқандығын мәлімдеген. Алайда бұл жарияланымдардың барлығы жалған болып шықты, өйткені іс жүзінде суицид болған жоқ. Аталмыш кәмелетке толмаған қыз зардап шеккен бұзақылық фактісі бойынша қылмыстық іс сотқа жіберілді. Осыған қарамастан Смайылова жәбірленушінің адвокаты үшін ақша жинау туралы жариялап, сот процесі кезінде 20 млн теңгеден астам қаражат жинаған.  Оның аз ғана бөлігін іссапар шығындарына төлеген. Алайда сотта адвокаттың қызметтерін жәбірленуші тараптың өзі төлегені белгілі болды, бұл сотталушылардың қорғаушыларының наразылығын тудырды», – деді Самат Аисов.

Сонымен қатар, Дина Смайыловаға алаяқтық жасады деген айып тағылып отыр. Дәлірек айтқанда, Аисовтың айтуынша, Таңсәрі "зорлық-зомбылық туралы жалған хабарлама жариялап, оқырмандарынан ақша аударуды сұрап, жұбайының Каspi картасының реквизиттерін көрсеткен және ол қаражатты жеке мүддесі үшін пайдаланған".

 

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow