Эротикалық сипаттағы әндері нәпсіні қоздыруға итермелейді - депутат Астанаға келген AKON туралы
Мәжіліс депутаты, ақын Аманжол Әлтаев премьер-министр Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдай отырып, Мәдениет министрлігіне бірнеше талап қойды. Әлтаевтың айтуынша, жауапты министрлік шетелден келетін әншілерге қатаң талап қоймаса, “жастар ұлттық тәрбиеден ажырай бастайды”, деп жазады sadaqmedia.
“Өкінішке қарай, жастарымыз Тик-Ток пен Инстаграмның тұтқынына айналған бүгінгі қоғамда ғасырлар бойы көздің қарашығындай сақтаған құндылықтарымыздан, ұлттық тәрбие өнегесінен ажырап барамыз. Нақты дәлел: күні кеше ғана Астанада өткен AKON-ның концертіне байланысты бірнеше аспектлерге тоқталайын:
Біріншіден, концерт кезінде жанкүйер жастар әншіге іш киімін лақтырып, төмен моральдық мінез-құлық көрсетті, еліміздің беделіне нұқсан келтірді.
Екіншіден, ұлттық өзегі әлсіз, өзгені пір тұтқыш жастар әндердің контекстінде байқалатын гендерлік кемсітушілік мәселесін, қыздардың намысын, абыройын қорлайтын теріс мазмұнын аңғармай есі кетті. Үшіншіден, «smack that» әнінің мәтінінен эротикалық сипаттағы нәпсіні қоздыруға итермелейтін, сананы лайлап, тәрбиеге теріс әсер ететін қауіпті мазмұнды аңғарамыз”, - дейді депутат.
Әлтаев осы ретте ұйымдастырушылардың әншіні ұлттық киіммен қарсы алып, домбыра сыйлағаны орынсыз болды деген ойын жеткізді.
“Біз мәдени атрибуттарымызды ілгерлетуде, насихаттауда талғамды болуымыз керек. Ұлттық музыкалық мұрамыздың символы - қасиетті домбыраны жезөкшелік пен әйелдерді қорлауды насихаттаудың айқын сипатына ие «Smack that», «hypnotiser» сияқты әндерді орындайтын әншіге беру – парықсыздық, ұлттық құндылықтарды табанға таптау деп қабылдаймын.
Үкімет құрамындағы құзырлы мекемелер келесі шараларды қолға алуды ұсынамын”,- деген ол мынандай талаптарын айтты:
– Мәдениет және ақпарат министрлігі шетелден елімізге кіретін мәдени өнімдерге, гасрольдік сапармен келушілерге қойылатын нақты талаптар жиынтығын әзірлеуі тиіс;
– Біздің нормамыз бен ұстанымдарымызға қайшы келетін өнімдерді таратпау үшін шетел әртістерін таңдауда қатаң талаптар сақталсын;
– Мәдени қауіпсіздіктің сақталуы үшін, елімізде өткізілетін концерттердің біздің ұлттық құндылықтарымызға зияны тимеуі қадағалансын;
– Оқу-ағарту министрлігі мектеп бағдарламасына «Салт-дәстүр және ұлттық құндылықтар» пәні енгізілсін;
– Ғылым және жоғарғы білім министрлігі жастар арасында ұлттық тәрбие жұмысын жетілдіруі тиіс;
Сіздің реакцияңыз қандай?