Шымкентте “Фосфорник” сарайының төбесі құлап, жас жігіт қаза тапты
Шымкентте қаңырап бос тұрған “Фосфорник” сарайының төбесі құлап, үйінді астынан 18 жастағы жігіттің денесі табылды, деп хабарлайды sadaqmedia.
Ажал құшқан жігіт медициналық колледжде білім алғаны анықталды.
Шымкент әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек оқиғаға қатысты пікір білдіре отырып, бос тұрған сарайдың ғимаратына жастар жиі кіріп, шығатын дейді.
“Сарайдың төбесі 18 желтоқсан күні сағат 22.00-де құлады. Жалпы, жастар бұл жерге көп келеді. Жуырда бұл жерде сериал түсірді, жастар видео түсіруге келеді”, - дейді Құранбек.
Айта кетейік, бұрын бұл сарай “сыра королі” деген лақап атпен танылған Тоқтар Төлешовке тиесілі еді. Тоқтар Төлешов Қазақстанның конституциялық құрылымына күштеп өзгеріс енгізбекші болғаны үшін айыпталып, 2016 жылы 21 жылға сотталған еді. Тоқтар Төлешов 18 ауыр және аса ауыр қылмыс, соның ішінде адам өлтіру, айуандықпен азаптау, адам ұрлау сияқты қылмыстары үшін абақтыға қамалған. Мемлекет оның мүлкін тәркілеп, аукцион арқылы сатқан. Ал, “Фосфорник” сарайы биыл қараша айында Шымкент әкімдігінің балансына өткен болатын.
Сіздің реакцияңыз қандай?