Түркістан облысында Аружан Орынбайды өлтіргендерге үкім шықты
Түркістан облысы Төрткүл ауылының тұрғыны Аружан Орынбайды өлтірген екі адамға сот үкімі шықты, деп хабарлайды sadaqmedia «КТК» телеарнасына сілтеме жасай отырып.
Дереккөзге сүйенсек, 9-сынып оқушысы Аружан Орынбайды алдымен бопсалап, артынан пышақтап өлтірген екі жас жігітке сот әртүрлі жаза кескен. Яғни, күдіктінің біреуі 16 жылға сотталса, екіншісі бір жыл төрт айға бас бостандығынан шеттетілген. Марқұм қыздың анасы Динара Зілғараева өте жеңіл жаза алған бала – бұрыңғы әкімнің ұлы дейді.
«Бейбарыс деген баланың қатысы бар екен. Қызымды үйден Төлеп деген баланың шығарып бергені белгілі болып отыр. Бірақ, шығарып берген күннің өзінде де адам өлім болып отыр ғой? Сот шешімімен келіспеймін. Қалай үй қамаққа жібереді? Төлеп деген бұрынғы әкімнің баласы. Жазасын алсын деймін. Кімнің баласы болса да, олар тірі, ал менің қызым енді жоқ», - дейді Динара Зілғараева.
«КТК» телеарнасы еске салғандай, қанды қылмыс биыл сәуір айында болған. Төрткүл ауылының 11-сынып оқушысы мен 19 жастағы ауылдасы Аружанға ұқсас қыздың жартылай жалаңаш фотосын әлеуметтік желіге жариялаймыз деп қыздан бір миллион теңге бопсалаған. Бірақ, қыз ондай қомақты ақшасы жоқ екенін айтып, екеуінің қылмыстық әрекетін туыстарына жайып салмақшы болған. Осыдан кейін қос қаскөй 15 жастағы қызды тұншықтырып, кеудесінен екі мәрте пышақтап, өыздың мәйітін өз үйінің артындағы арыққа ағызып жіберген. Өз кінәсін сол күйі мойындамаған 19 жастағы жігіт 16 жылға сотталды. Ал қылмыстың қалай болғанын айтып берген бұрынғы әкімнің 17 жастағы ұлы бір жыл төрт айға сотталды. Сот шешімімен келіспеген Аружанның туыстары апелляцияға жүгінеміз деп отыр.
Сіздің реакцияңыз қандай?