Шұғыл: Төрт қалада террористік қауіптің «сары» деңгейі жарияланды
Астана, Алматы, Қарағанды және Көкшетау қалаларында террорлықтың «сары» деңгейі жарияланбақ.
Астана, Алматы, Қарағанды және Көкшетау қалаларында террорлықтың «сары» деңгейі жарияланбақ. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығы хабарлады.
Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының саммиті өтетін болған соң және Астанаға Қытай республикасының президенті Си Цзиньпин келетіндіктен 2 шілдеден 5 шілдеге дейін «сары» деңгей болады.
«Қазақстанда шілденің 2-5 аралығында бірқатар маңызды халықаралық іс-шара, оның ішінде Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының кеңесі мен Қытай Халық Республикасы төрағасының мемлекеттік ресми сапары өтеді. Осыған орай әлемге белгілі тәжірибеге сәйкес уәкілетті мемлекеттік органдар шетелдік делегациялардың, олардың ішінде мемлекет басшылары мен халықаралық ұйымдар басшыларының қауіпсіздігін жоғары деңгейде қамтамасыз ету үшін толыққанды шаралар қабылдайды», - деп мәлімдеді ҰҚК.
Осыған байланысты ҚР Мемлекеттік күзет қызметі бастығының шешімімен Астана, Алматы, Қарағанды және Көкшетау қалаларының жекелеген учаскелерінде құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қолдау іс-шаралары өтеді.
Терроризмге қарсы операция өткізілетін аймақтарда күзетілетін тұлғалар жүрген кезде басқа адамдар мен автокөліктердің қозғалысына шектеу қойылады. Бұдан бөлек күзетілетін тұлғалар жүретін арнайы трассаларда қалалық жолаушылар көліктерінің қозғалысы тоқтатылады. Тиісті бағдарлардағы өзгерістер туралы Астана әкімдігі хабарлайды.
Сондай-ақ терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимі енгізілуін ескеріп, Астана, Алматы, Қарағанды және Көкшетау қалаларында ШЫҰ саммитін өткізу объектілерінде 2 шілде 00 сағат 01 минуттан бастап 4 шілде 23 сағат 59 минутқа дейін террористік қауіптің бірқалыпты («сары») деңгейі белгіленеді.
«Сары» деңгей нені білдіреді:
- жекелеген аумақтарда көліктер мен жаяу жүргіншілердің қозғалысы шектеледі;
- кинология қызметінің мамандарын тарта отырып, көшелерде, алаңдарда, стадиондарда, скверлерде, саябақтарда, магистральді теміржол желілерінде, теміржол вокзалдарында, автовокзалдарда, әуежайларда, метрода, бұқаралық шаралар өтетін орындарда патрульдер күшейтіледі;
- жарылғыш құрылғыларды анықтау және жою бойынша террористік тұрғыдан осал объектілерге және адам көп жиналатын орындарға, бұқаралық және жаппай іс-шараларға қатысатындардың негізгі бағдарларына тексеріс жүргізіледі;
- әуежайларда, метрода, теміржол вокзалдарында және автовокзалдарда тексеру шараларын өткізу барысында арнайы техникаларды пайдалану арқылы режимдік шаралар күшейтіледі.
ҰҚК арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының жұмысына түсіністікпен қарауды және қызметкерлердің заңды талаптарын сақтауды сұрады.
Сіздің реакцияңыз қандай?