«Кәсіпкерді бопсалау, ағаш ұрлау, ақша жылыстату»: Антикор бюджет қаржысына қол сұқты деген айыппен 212 адамның ізіне түсті

Шілде 15, 2024 - 15:17
Шілде 15, 2024 - 15:25
«Кәсіпкерді бопсалау, ағаш ұрлау, ақша жылыстату»: Антикор бюджет қаржысына қол сұқты деген айыппен 212 адамның ізіне түсті

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік кәсіпкерден жүйелі түрде 40 млн теңгеден астам пара алды деген айып тағылған ТЖМ Өртке қарсы қызметінің төрағасына, Шымкент қаласы мен Жетісу облысы ТЖД бастықтарына қатысты тергеуді аяқтады. Сонымен қатар «Ертіс Орманына» қатысты заңсыз әрекетердің нәтижелерін жариялады. Білім саласындағы жемқорлық істері де әшкере болды.

Антикор қылмыстық топтар және жүйелі жемқорлықпен күрес туралы шараларының нәтижелерімен бөлісті. Агенттіктің мәліметінше, биыл жемқорлыққа қатысты 49 дерек анықталып, 212 адамның қылмысы әшкереленген.

«Мәселен, Агенттік ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызметінің төрағасына, Шымкент қаласы және Жетісу облысы ТЖД бастықтарына қатысты тергеуді аяқтады. Лауазымды тұлғалар жалпы сомасы 40 млн теңгеден астам бизнес өкілінен жүйелі негізде пара алды деп күдіктелуде. Тергеу соты күдікті адамдарға қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді. Екі ұйымдасқан қылмыстық топтың қылмыстық әрекеті тоқтатылды»,-делінген Антикор хабарламасында.

Сондай-ақ, Антикор тағы екі ұйымдасқан қылмыстық топтың ісін әшкереледі. Павлодар облысында бюджет қаражатын жымқырды деп айыпталған «Ертіс орманы» мемлекеттік орман резерваты қызметкерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды.

«Шарбақты ауданының аумағында «Ертіс Орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының бас директоры бастаған ұйымдасқан қылмыстық топ 2022 жылдың сәуірі мен 2023 жылдың желтоқсаны аралығында технологиялық және отын ағаштары түріндегі іскерлік сүректі заңсыз сату арқылы шамамен 153 млн теңге сомаға орман ағаштарын ұрлаған,-деп мәлімдеді ведомство.

Айта кетейік, дәл осыған ұқсас қылмыспен бұрын «Семей Орманының» басшылығы сотталған болатын.

Антикор білім саласындағы жемқорлық фактілерін жария етті. Мәселен, Түркістан облысының білім саласында бюджет қаражатын ұрлаумен айналысқан топтың заңсыз әрекеттері әшкере болды.

«12 қатысушыдан тұратын тұрақты қылмыстық топ білім беру саласында нақты жұмыс істемеген жеке тұлғаларға, сондай-ақ өздерінің жеке шоттарына жалақы аудару арқылы 2020-2023 жылдар кезеңінде жүйелі негізде бюджет қаражатын жымқырды деп күдіктенеді. Келтірілген шығын 3,7 млрд теңге. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда»,- делінген хабарламада.

Ал, Жетісуда 4,3 миллиард теңге ұрлады деп айыпталған Талдықорған қалалық білім бөлімінің лауазымды тұлғаларына қатысты тергеу аяқталды. 13 адамнан құралған қылмыстық топ 2020- 2023 жыл аралығында білім беру саласында нақты жұмыс істемеген жеке тұлғаларға, сондай-ақ өздерінің жеке шоттарына жалақы аударып, келген. Осылайша мемлекетке 4,3 млрд теңге көлемінде залал келтірген.

Айта кетейік, осыған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қазақстанда жол құрылысы кезінде миллиардтаған қаржы жымқырылғанын мәлімдеген еді.

Сондай-ақ, Антикор Әділет экс-министрі Марат Бекетаев пен Мәдениет және спорт вице-министрі болған Ерлан Қожағапановқа қатысты тергеудің аяқталғанын мәлімдеді. 

kursiv.media

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow