«20 минут бойы өзі арпалысқан». Ләззат Рақышева Семейде болған оқиғаның мән-жайын айтты

Желтоқсан 11, 2023 - 16:50

Адвокат Ләззат Рақышева бірнеше күн бұрын Семей қаласы Қарағайлы шағын ауданында болған оқиғаның мән-жайын жария етті, деп хабарлайды sadaqmedia.

Естеріңізге сала кетейік, 8 желтоқсанда Семей қаласында мас адам көшеде кетіп бара жатқан оқушы қызға тап беріп, оны пәтеріне алдап кіргізбекші болған. Бөтен ер адамның қолынан құтылуға тырысқан қыздың видеосы әлеуметтік желіде тез тарады. Polisia.kz порталы жергілікті полиция қызметкері қызды құтқарғанын, ал, күдікті адам уақытша қамау изоляторына жабылғанын хабарлаған еді.

Ләззат Рақышева бұл оқиғаның жай-жапсары басқаша болғанын айтады. Яғни, адвокаттың айтуынша, полиция оқиға орнына бірден келмеген. Және оған дейін қыз бала кемі екі адамнан көмек сұраса да, олар оқушының жанайқайына назар аудармаған. Сөзінің дәлелі ретінде Ләззат Рақышева Семейге арнайы барып, Алтынхан есімді батыр қызбен өзі жолыққан. Алтынхан адвокаттың жеке парақшасындағы тікелей эфирде оқиғаның қалай болғанын өзі баяндап берген.

«Сол күні мен сіңілілерімді сабаққа апарып, нан алуға шықтым. Жаңадан бір киоск ашылған, бірақ, оның қай жерде екенін білмей, кетіп бара жатқан әлгі ер адамнан «жаңа киоск қай жерде» деп сұрағаным сол еді ол мені белімнен қысып алып, подьезге қарай сүйрей бастады. Мен бірден айқайлап, жан-жағымнан көмек сұрай бастадым. Жанымыздан бір апа өтті, ол көмектескен жоқ, қараған жоқ. Содан, бір ер адам тұр екен, мен «ағай, көмектесіңізші, мен бұл подьезде тұрмаймын» дедім және ол адамның көмектесіп, мені құтқаратынына сенімді болдым. Бірақ, мені ұстап алған адам одан ««бұл сенің қызың ба?» деп сұрап еді, «жоқ» деді. Содан, бір қарады да күліп кетіп қалды. Жыладым, шыңғырдым, шокта болдым. Бұл - таңғы сағат 8:40-та болды», - дейді Алтынхан.

Оқушының айтуынша, ол бір сіңілісін (мүгедектігі бар - ред) сауықтыру орнына апарады, екінші сіңілісін даярлық тобына апарады. Әкесі қайтыс болған. Алтыншы сыныпта оқитын Алтынхан сондықтан да анасына жан-жақты көмектеседі.

«Осылайша, 20 минуттай әлгі мас адаммен өзім арпалыстым. Негізі, анам маған «бөтен адам келсе, қаш, айқайла, жерге құлап, сытылып кетуге тырысу керек» деп үнемі үйретіп отырады. Сондықтан, барынша дауысымды қатты шығарып, қайлай бердім, әлгі кісіге жығылмай, сүйрегеніне көнбедім. Сол сәтте полиция қызметкері келіп, құтқарды», - дейді Алтынхан.

Ләззат Рақышева болса әлеуметтік желідегі видеоны көргеннен кейін оқушы қызбен жеке танысып, оның осы қайсарлығына тәнті екенін айту үшін Семейге барған.

«Қараңыздаршы, қандай батыр қыз! Мен учаскелік полицияға емес, 20 минут бойы еңгезердей ер адамға қарсы тұрып, өзін құтқарып қалған Алтынханға басымды иемін. Әйтпесе, Алтынхан осындай қайсарлық танытпағанда, мас адам бес-ақ минутта жаман ниетін іске асыратын еді», - дейді Ләззат Рақышева.

Адвокаттың айтуынша, оқиға  Абай облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Жүнісованың жеке бақылауында.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow