"Қазақстан аруына" деген махаббат, "бәйбішесінің" кешірімі, заңсыз некеден туған ұлдар. Назарбаевтың кітабы не туралы?

Желтоқсан 1, 2023 - 15:26
Желтоқсан 6, 2023 - 10:48
"Қазақстан аруына" деген махаббат, "бәйбішесінің" кешірімі, заңсыз некеден туған ұлдар. Назарбаевтың кітабы не туралы?
Сурет: Айдос Үкібай

2022 жылы 29 қыркүйек күні Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне кинематография, мәдениет және мерекелер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қоя отырып, 1 желтоқсан – Тұңғыш президент күнін мемлекеттік мерекелер қатарынан алып тастаған еді. Бірақ, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев дәл осы күні "Бодандықтан – бостандыққа" атты кітабын жарыққа шығаруды жөн санапты, деп жазады sadaqmedia. 

Кітаптың ресми түрде бүгін сатылымға шыққанын Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай хабарлады. 

"Бүгін Нұрсұлтан Назарбаевтың "Менің өмірім. Бодандықтан – бостандыққа" атты кітабы жарыққа шықты", - деп хабарлады Айдос Үкібай.

Кітап қазақ және орыс тілдерінде жазылған. Қазір "Алматыкітап" және "Меломан" желілерінде сатылып жатыр."Фолиант" баспасынан 7500 данада шыққан кітаптың бағасы - алты мың теңге шамасында. Қазір кітаптың мазмұны ішінара талқыланып, әртүрлі дереккөздерде үзінділері тарап жатыр. 

Соның ішінде, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев азаматтық некеде дүниеге келген екі ұлы жайлы жаза, көптің талқылауына ұшырады. Сонымен қатар, ел ішінде бұрыннан айтылып келе жатқан оқиғаны растаған: Нұрсұлтан Назарбаев президент кезінде сұлу қыздарға көзі түсетінін, олардың көркіне "көзін суаратынын" ашық жазады. 

"Бір жолы Талдықорғанға бардым. Өңірлерге ондай сапарларда мемлекет басшысы траптан түскенде гүл шоғымен қарсы алатын. Ондай рәсімге сол өңірдің көз тартар көрікті бойжеткендерін тандайтыны белгілі ғой. Көзіміз де, көңіліміз де үйренген. Көз суарып, көңіл бітеумен тынасың", - деп жазады Назарбаев.

Бірақ, ол сондай қыздардың арасында Әсел есімді аруға "ғашық" болғанын және кейін онымен тек мешітте (Қазақстан Республикасының заңына сәйкес, неке "Азаматтық хал актілерін тіркеу" бөлімінде заңды түрде тіркелу керек - агенттік) қиып, заңға қайшы түрде екінші әйел алғанын мойындайды. 

"Әйтсе де сол жолғы әсерім бөлекше. Әуежайда гүл шоғын ұсынған бойжеткен аса әдемі еді. Оттай жанған жанары да, аппақ жүзі де, талшыбықтай мүсіні де көпке дейін көз алдымнан кетпей жүрді. Арада біраз уақыт өтті. Мені Талдықорған әуежайында қарсы алған әдемі қыз ойыма орала берді. Күндердің күнінде оны табудың сәті аяқастынан түсе кетті. Газеттегі бір фото көзіме оттай басылды: Астанада "Қазақстан аруы" конкурсы өтіп, бас жүлде – Гран-приді сол қыз (есімі Әсел екен) жеңіп алыпты... Енді оны іздеу қиынға түскен жоқ. Таныстығымыз жарастыққа, жарастығымыз жақындыққа ұласты. Бара-бара жүйелі түрде жолығуға айналдық. Әселдің бойынан да, ойынан да өзім іздеген көп қасиет таптым. Ең бастысы – жылдар бойғы жан жалғыздығынан арылдым. Әңгімені ұзарта беріп қайтейін. Мұсылман жолымен некемізді қидырдық. Әсел маған екі перзент – алтын асықтай екі ұл сыйлады. 2005 жылы Тауман, 2008 жылы Бәйкен дүниеге келді", - деп жазады Нұрсұлтан Назарбаев. 

Осылайша, экс-президент заңды некеден туған үш қызы Дариға, Динара, Әлия Назарбаевалардың әке жағынан екі інісі барын растап, ол ұлдары ұрпағын жалғайтынына қуанатынын айтады. 

"Ендігі жерде менің ұрпақтарым да ата тегін "Қарасай - Көшек - Айдар - Мырзатай - Кенбаба - Еділ - Сапақбай - Назарбай - Әбіш - Нұрсұлтан - Тауман, Бәйкен" деп жалғасып кете береді", - деп жазады Назарбаев. 

Нұрсұлтан Назарбаевқа сенсек, оның заңды некедегі жұбайы Сара Назарбаева көзіне шөп салғанын кешірген және оның ұлдарын қабылдаған. 

"Жас шағымнан жаныма жалау болған, небір сын сағатта қасымнан табылған Сараға бар ғұмырымда ризамын және қамқоршымын. Сол қилы кезенде де мені түсінгенін, кешіргенін мына өмірдегі бір жұбанышым көремін. Тауман туғанда Алматыға, алдына барып, бар жайды ақтарып, айыбымды айтқанымда тектілігін тағы да танытып еді айтулы әулеттің перзенті. "Бала – періште. Бала бақытты болып өссін" деді сонда Сара", - деп жазады Назарбаев. 

Келесі мақалаларымызда кітаптың өзге тарауларын назарларыңызға ұсынамыз. 

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow