«Кепілдік бере алмаймыз»: СІМ Иран мен Израиль арасындағы жағдай туралы пікір білдірді
Қазіргі таңда Иранда да, Израильде де барлық әуежай мен шекара ашық.
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Иран мен Израиль арасындағы кикілжіңге қатысты сауалға жауап берді, деп хабарлайды Sadaqmedia.kz ақпарат порталы.
БАҚ өкілі «Иран мен Израиль арасында соғыс қаупі туындауына байланысты қазақстандықтар көмек сұрады ма және оларға қандай кеңес бересіз?» деп сауал қойды.
"Жағдай оңай емес. Бұл бір түнде болған жағдай емес. Оның алдында бұл жағдай туралы алдын ала айтылды, ескертілді. Егер біздің азаматтар сол өңірде жүрсе, өз қауіпсіздігін ойлауы керек. Алайда қос елдегі елшілік 24 сағат бойы жұмыс істейді. Телефондары интернетте көрсетілген. Азаматтар сол нөмірлер бойынша хабарласа алады", – деп жауап берді Смадияров.
Дегенмен екі елдің де шекаралары ашық екенін және әуежайлары жұмыс істеп тұрғанын жеткізді.
"Қазіргі таңда Иранда да, Израильде де барлық әуежай мен шекара ашық. Жұмыс істеп жатыр. Сондықтан (қазақстандықтарға) ол жаққа барыңдар-бармаңдар деген кеңес бере алмайсыз. Әр адам шешімді өзі қабылдауы керек. Мысалы, кешеден бері адамдар «Мысырға жолдама алып қойдық. Ол жаққа барып демалсақ бола ма?» деп сұрақ қойып жатыр. Біз кепілдік бере алмаймыз. Ертең не болатынын ешкім білмейді", – деді ресми өкіл.
Сондай-ақ Смадияров Қазақстан азаматтары Иранда да, Израиль де барын айтып, жағдай қатты күреленіп жатса, мемлекет бәріне көмектесетінін айтты.
Сіздің реакцияңыз қандай?