«9 мың теңге айыппұл». Көлік министрі журналистің жазбасына қатысты жауап берді
Қазақстанның әуе компаниялары бір-біріне байланған ұшақ билеттеріне қатысты практиканы өзгертпейді. Бұл туралы бүгін үкіметте көлік министрі Марат Қарабаев мәлім етті, деп хабарлайды sadaqmedia.
Жуырда журналист Дәурен Қуат әлеуметтік желіде «Эйр Астана» әуе компаниясы өзін әуре-сарсаңға салғанын жазды. Дәурен Қуат қарашаның 14 күні аталған компаниядан билет алғанын, бірақ ұшу уақытынан кешіккен соң «Скат» арқылы Алматыдан Ақтөбеге ұшқанын жазады.
Ал, 16 қараша күні Ақтөбеден Алматыға «Эйр Астанамен» ұшатын кезде, компания қызметкері оған «Сіз ұшып келу билетін пайдаланбағаныңыз үшін 9 мың теңге айыппұл төлейсіз» деген мәлімет береді. Сонымен қатар, компания қызметкері «бірінші билетпен ұшып келмеген соң, екінші билетті пайдалануға мүмкіндік жоқ» екенін айтқан.
Осы мәселені бүгін үкімет отырысынан кейін көлік министрі Марат Қарабаевқа сұрақ ретінде қойдық. Министр мұндай жағдай халықаралық тәжірибеде бар екенін айтады.
«Бір-біріне «байланған» билеттер болады. Айталық, бірінші билетті тіркеуден өткізбесеңіз, екінші билетпен ұшаққа отыра алмайсың. Оның себебі неде? Себебі, бір-біріне байланған билеттердің құны өзара байланбаған билеттерден қарағанда төмендеу болады. Сондықтан, бұл мәселе заңмен де қарастырылған. Бұл тек қана Қазақстанда ғана емес, бүкіл халықаралық тәжірибеде солай қарастырылған», - дейді Қарабаев.
Дегенмен, министр бұл фактіні тексеріп, 9 мың теңге айыппұл туралы қосымша ақпарат беретіндерін жеткізді. Қарабаев сонымен қатар, бұл талап өзгермейтінін, өйткені, бұл әуе компаниясы бекіткен ереже екенін айтты.
«Жоқ, ол әуе компанияларының өзінің бекіткен ережесі. Ондай талап өзгермейді. Егер сіз жеке-жеке билет алсаңыз, оның бағасы қымбаттау болады. Ал, егер бір-бірімен байланған билеттер алсаңыз, оның бағасы төмендеу. Менің ойымша, бұл орынсыз талап емес. Өйткені халықаралық тәжірибеде бір-біріне байланған билет деген практика бар. Байланған билеттің бағасы арзан», – деді ол.
Сіздің реакцияңыз қандай?