Әкесі 55 жастағы күзетші: Жамбылда мұғалімдер 12 жасар оқушы қызға заңсыз аборт жасатқан
Жамбыл облысында 55 жастағы ер адам 12 жасар оқушы қызбен жыныстық қатынаста болған. Ал, қыз баланың аяғы ауыр болғанда мектеп әкімшілігі оған заңсыз түсік жасатқан, деп хабарлайды sadaqmedia «Информбюро» бағдарламасына сілтеме жасай отырып.
Оқиға былтыр, яғни, 2022 жылы болған. Қыз бала өңірдегі мектеп интернатта оқығаны белгілі. Күдікті ер адам – аудандық мәслихат депутатының күйеуі екені анықталды. Оқушы қыздың аяғы ауыр екенін жасырмақ болған мұғалімдер оған аборт жасатқан.
«12 жасар қызды ұзақ уақыт 55 жастағы күдікті көңілдес еткен. Анасының айтуынша, қызына телефон сыйлап, тілін тауып, оқушыға ойына келгенін. Ақыры, оқушының аяғы ауыр болған», - деп хабарлайды «Информбюро».
Бағдарлама тілшісіне сұхбат берген қыздың анасы Мәриям Смадиярованың айтуынша, қызы депутаттың күйеуінен аяғы ауыр болғанын тек алты ай өткен соң айтқан.
«Қызым маған «оның байланысы мықты. Әйелі депутат. Балабақшада меңгеруші болып істейді» деп жылады. Маған қызым жүкті екенін тек жаңа жылдың қарсаңында айтты. Жүктілік мерзімі шамамен алты айлық болған», - дейді Мәриям Смадиярова.
Жалғызбасты әйел қызының жүктілігін мектеп басшылары да жасыруға тырысқанын айтады.
«Оқиға мектеп интернаттың қабырғасында бір жыл бұрын болған екен. Жүктіліктің алты айлығында оқушыны білім ошағының қызметкерлері Жаңатастан Қаратау қаласына алып кеткен», - деп хабарлайды бағдарлама тілшісі.
«Маған түсік жасатамыз деп айтқан жоқ. Олар түсіктен бұрын толғақ шақыратын дәрі берген. Мен оны білмедім. Тек түнде қызым түсік жасатқаны туралы хат жазып жіберіпті», - дейді Мәриям Смадиярова.
Дереккөзге сүйенсек, оқушы қыздың аборты құзырлы органдарға тіркелмеген.
«Тіс жармай түсік жасатудың жолын тапқандар жеке гинеколог жалдаған дейді анасы. Болған оқиғаны растаған білім бөлімінің басшысы күдіктінің балабақшада күзетші болып жұмыс істегенін айтады», - дейді тілші.
Сарысу аудандық білім бөлімінің басшысы Ілияс Баймағамбетов оқиғаны растап, күдікті ер адам мемлекеттік «Айгөлек» балабақшасының күзетшісі екенін мәлім еткен. Қазір ер адам қамауда екені белгілі. Полиция өкілі Алмаз Саламатов білім бөлімі басшыларына қатасты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
«Тергеу барысында жыныстық қатынас салдарынан 2022 жылы қыз бала жүкті болғанын анықтадық. Алайда, мектеп басшылығы оқушы қыздың жүкті болғанын жасырған. Тиісті органдарға хабарламай, түсік жасатқан. Айыпталушының кінәсі дәлелденіп, қамаққа алынды. Іс сотқа жіберілді. Мектеп басшылығына қатысты ҚР ҚК 434 бабы, яғни қылмыс туралы хабарламау туралы іс тіркелді», - дейді Жамбыл облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Алмаз Саламатов.
Сіздің реакцияңыз қандай?