“9-20-25” ипотекалық бағдарламасы қашан басталады
Премьер-Министр Әлихан Смайылов елімізде жақын арада жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылатынын мәлім етті, деп хабарлайды sadaqmedia.
Бүгін Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер Үкімет басшысынан «9-20-25» тұрғын үй бағдарламасы қашан іске қосылатынын сұрады.
«Тұрғындар тарапынан «7-20-25» бағдарламасына кеңінен сұраныс болды. Бірақ бұл бағдарламаны іске асыруға қаражат керек. Ұлттық банк өзінің лимитін қойған еді. Бұл лимит сұраныс тұрғысынан жеткіліксіз. Ұлттық банк мұндай шектеу қойғаннан кейін Үкімет аясында, сондай-ақ Отбасы банк және «Бәйтерек» холдингі бірлесіп қосымша бағдарлама әзірлеп жатырмыз. Ол «9-20-25» бағдарламасы», - деді Ә. Смайылов.
Оның айтуынша, жаңа бағдарлама бойынша 25 жылға 9 пайыздан ипотекалық несие беріледі.
«Қазіргі жағдайда 9 пайыз деген төмен мөлшерлеме саналады. Соны іске асыру үшін тиісті есеп-қисапты жасап отырмыз. Оған жыл сайын 150 млрд теңге керек және 8 мың отбасы немесе адамға осы ипотеканы алуға мүмкіндік беріледі. Ол үшін 100 млрд теңгені нарықтан тартуымыз қажет, ал Отбасы банк өзінің таза табысынан 50 млрд теңге бөлуі тиіс. Осы қаражатты қосып, 9 пайыздық ставкаға шығу керек. Бұл бағдарлама негізінен жастарға арналады деп санаймын», - деді Үкімет басшысы.
Осы орайда ол бағдарлама келесі жылы басталатынын мәлім етті.
Сіздің реакцияңыз қандай?