Тұңғыш президентке көңіл айтуды жөн санадым – Премьер-министр
Үкімет басшысы Әлихан Смайылов экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бауыры Болат Назарбаевтың қазасына не үшін барғанын түсіндірді, деп хабарлайды sadaqmedia.
Бүгін Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер үкімет басшысына Болат Назарбаевтың жаназасына қатысты сұрақ қойды.
"Сіз экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаевтың жаназасына бардыңыз. Сіздің бұл әрекетіңіз әлеуметтік желідегі халықтың арасында талқыланып, сыналды. Жалпы сіздің бұл жаназаға баруыңыз азаматтық позиция ма, жоқ әлде протокол болды ма?» деді сұрақ қойған журналист.
«Ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрге сай, қайтыс болған адамның жақындары мен туыстарына көңіл айтамыз. Сондықтан мен премьер-министр ретінде тұңғыш президентке көңіл айтуды жөн деп санадым. Оның үстіне сол күні Алматы қаласында іс сапармен болғанмын. Үлкен, өте маңызды жобаны бастадық. Ол Алматы қаласының айналма темір жолының құрылысының бастамасы болды. Ол біздің көліктік, транзиттік әлеуметтік көтеру үшін өте маңызды жоба. Сондықтан сол күні Алматыда іс-сапармен болдым және жаңа айтылғандай тұңғыш президентке көңіл айтуды жөн санадым», – деді премьер-министр.
Сіздің реакцияңыз қандай?