Саяси ас: Реваншистік күштер саяси жүйені өзгерту үшін дайындық жасап жатыр – Ерлан Сайыров

Қараша 21, 2023 - 16:48
Қараша 23, 2023 - 12:13
Саяси ас: Реваншистік күштер саяси жүйені өзгерту үшін дайындық жасап жатыр – Ерлан Сайыров
Фото: Azattyq Ruhy

Өткен аптада экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев туған бауыры Болат Назарбаевтың қазасына байланысты Астанада ас бергені белгілі. Астананың бас мешітінде өткен науқанға Қаңтар көтерілісінен кейін қызметтен шеттетілген саяси қайраткерлер жиналды. Дәлірек айтсақ, көптен бері назардан тыс жүрген Дариға Назарбаевадан бастап, Нұртай Әбіқаев, Ахметжан Есімов, Өмірзақ Шөкеев, Қайрат  Қожамжаров, Қайрат Мами, Қырымбек Көшербаев, Даниал Ахметов, Гүлшара Әбдіхалықова, Қалмұхамед Қасымов, Ерлан Тұрғынбаев сияқты адамдар бас көрсетті. 

"Экс-президент ұйымдастырған  бас қосу қарапайым ас па, жоқ әлде оның саяси астары бар ма?" деген сұрағымызға жауап бере отырып  Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров бірнеше мәселені атап өтті.

– Біріншіден, ол қарапайым ас секілді болып көрінеді. Алайда осы асты өздерінің бар екенін және саяси көзқарастарын дәріптеу үшін пайдаланып отырған секілді. Негізі бүкіл реваншистік күштердің барлығы сол асқа қатысты және түсінген адамға сол күштердің топтасып, еліміздегі саяси жүйені өзгерту үшін дайындық жасап жатқандығын аңғартты. Ең негізгісі қоғамдық саяси жағдайды сараптап, диагностика жасап, өздерінің күнін күтіп жүрген тәрізді. 

– Билікке талас әр кезде де болады. Өзіңіз айтқан реваншистік топ билікке қайта келсе, онда тұрған не бар? 

– Егер ол халықтың мүддесі тұрғысынан болатын болса, онда тұрған түк жоқ. Ал енді өздеріңізге белгілі ол реваншистік топтардың барлығы олигархиялық топтар ғой. Соңғы 30 жылдың ішінде қазақ халқының материалдық игілігін жұлым-жұлым қылып, өздері тартып алған. Сондықтан да егер реваншистік топтар билікке қайта келетін болса, сол саясат ары қарай жалғаса береді.  Мысалы қазір шекаралық аудандарға қаржы құйылып, елде кедейлікпен күресу үшін бағдарламалар қабылданып жатыр. Кедейлердің саны кішкентай болса да, азайды. Өткен жылы кедейлер 1 млн 30 мың болып еді, биыл 1 млн 15 мыңға дейін түсті. Мұның бәрі мемлекеттің әлеуметтік әділетті прициптері іске асып жатқанын көрсетеді. Ал билікке реваншистік топтар келетін болса, олар сол олигархтардың, ірі капиталдың мүддесін қорғап, мемлекетіміз тағы соларға жұмыс істемек.  

– Жаңа өз сөзіңізде «Қазақстан халқының материалдық игілігін жұлым-жұлым қылып, өздері тартып алды» деп айттыңыз. Бұл деген жемқорлық жасады деген сөз ғой. Яғни, олар заңға қайшы жемқорлық жасаса, қазіргі билік оларды неге жауапкершілікке тартпайды?

– Қазір президент Қасым-Жомарт Тоқаев капиталды қайтару туралы заң қабылдады ғой. Осы заң аясында Үкіметте мемлекеттік комиссия құрылды және прокуратура органында капиталды қайтару жөнінде комитет жұмыс істеп жатыр. Міне осы комиссия біздің еліміздегі көптеген зауыт, фабрика секілді дүниелер жекеменшікке заңды өтті ме, заңсыз өтті ме дегенге сараптама жасайды. Егер оның заңдылығына кішкене күмән болатын болса, онда көптеген меншік мемлекет меншігіне қайтады.

– Өзіңіз айтып отырған реваншистік топ бәрі бір билікке таласады. Егер олар қандай да бір заң бұзса, жауапкершілікке тарту керек шығар... 

– Енді Коституция бойынша, Қазақстан Республикасының әр бір азаматының саяси құқықтары Коституциямен бекітілген. Сондықтан олай істеу мүмкін емес. Қазіргі таңдағы ең негізгі мәселе, егер заңсыз кеткен капитал болатын болса, оны заң жүзінде қайтару керек. Осы жұмыстармен қазір Үкімет айналысып жатыр. 

– Кешегі асқа келген азаматтар жемқорлықсыз, таза жұмыс істеді дегенге сенесіз бе?

– Оған қалай сенесің? Отыз жылдың ішінде көптеген фабрика, зауыттардың кейбірін өзі алса, кейбірін жора-жолдастарына үлестіріп, қалғанын өзгеге сатты. Сондықтан оған қалай сенуге болады? Сенуге болмайды.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Серік Жолдасбай

 

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow