"Сабыр сақтаңыздар!": ТЖМ Қазақстан бойынша құлақтандыру жүйесін тексереді
Ертең, 2023 жылдың 23 қарашасында Астана уақытымен түскі сағат 12:55-те Қазақстан бойынша электр сиреналар мен сиреналық-сөйлеу құрылғылары іске қосылады, деп хабарлайды sadaqmedia.
Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлағандай, дәл осы сәтте теле-радио хабарларды тоқтата тұрып, құлақтандыру жүйесін тексеру жоспарланып отыр. Осы іс-шара «Қыс-2023» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы аясында өтеді.
«Естеріңізге сала кетейік, төтенше жағдай орын алған кезде халықтың назарын аудару үшін электр сиреналар, сиреналық-сөйлеу құрылғылары немесе басқа да дабыл құралдары қосылады, ол «Баршаның назарына!» бірыңғай құлақтандыру дабылын білдіреді. Бұл дабылды естіген кезде тұрғындар орын алған жағдай кезінде әрекет ету туралы мәліметтер мен нұсқаулар алу үшін қолжетімді ақпарат қабылдау құралдарын (телеарналар, радиолар, интернет сайттар, әлеуметтік желілер, мобильді құрылғыларға арналған қосымшалар және т.б.) дереу қосуы керек.
Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарды сабыр сақтап, үрейге бой алдырмауға кеңес береді», - деп хабарлады министрлік.
Сіздің реакцияңыз қандай?