Ресеймен шекаралас облыстарда екі елдің бірлескен мектептерін ашуға мүдделіміз - Тоқаев
Ресейдің Қазақстанмен шекаралас, қандастарымыз көп тұратын облыстарында екі елдің бірлескен мектептерін ашуға мүдделіміз. Бұл туралы “Известия” газетіне берген сұхбатында президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп хабарлайды sadaqmedia.
“Екі ел арасында орта, кәсіптік және бастауыш білім салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту жөнінде қандай жоспарлар бар?” деген сұраққа жауап бере келе президент қазір Ресейде 60 мыңнан астам қазақстандық студент білім алып алып жатқанын хабарлады.
“Бұл өзге елдермен салыстырғанда әлдеқайда көп. Бұдан Ресей жоғары оқу орындарының білім әлеуеті жоғары әрі сұранысқа ие екенін байқауға болады. Сонымен қатар мұндай таңдау жасауға территориямыздың жақындығы, тілдік кедергінің жоқтығы, оқу ақысының қолжетімділігі, оқытушылар құрамының біліктілігі, көптеген білім ордасының кеңес кезеңінен бері қалыптасқан беделі мен атағы ықпал етті. Қазақстанда техникалық бейіндегі шетелдік жетекші оқу орындарының филиалдарын ашу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл еліміз Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасында жасалған Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мекемелерінің филиалдарын тең негізде құру және олардың қызметі туралы келісімді ратификациялады. Халықтарымыздың тарихи және мәдени жақындығын ескерсек, орта білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге екі тараптың да қызығушылығы бар. Қазақстанның оңтүстік облыстарында Қазақстан-Ресей бірлескен білім беру мекемелерін ашу жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатыр.
Бұл ретте біз Ресейдің Қазақстанмен шекаралас, қандастарымыз көп тұратын облыстарында осындай мектептер ашуға мүдделіміз”,-деді сұраққа кеңінен жауап берген Тоқаев.
Сіздің реакцияңыз қандай?