Тоқаев Заманбек Нұрқаділовке ескерткіш қоюды тапсырды

Оған қоса, саясаткердің Алматыда тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылады.

Қаңтар 15, 2024 - 10:31
Тоқаев Заманбек Нұрқаділовке ескерткіш қоюды тапсырды
voxpopuli.kz

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев белгілі саясаткер Заманбек Нұрқаділовке ескерткіш қою туралы шешім шығарған. Ақпаратты Нұрқаділовтің жары Мақпал Жүнісова таратты, деп жазады kursiv.media басылымы. 

Мақпал Жүнісова өзінің Instagram парақшасында президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәлидің Тоқаев хатын оқыған видеосын жариялады.

Ескерткіш Нұрқаділов дүниеге келген Алматы облысының Кеген ауылында қойылады. Оған қоса, саясаткердің Алматыда тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылады.

Тоқаевтың хатында биыл Заманбек Нұрқаділовтің дүниеге келгеніне 80 жыл болғаны жазылған.

«Заманбек Қалабайұлы – осындай тұғырлы тұлғалардың бірі. Ол егемендіктің алғашқы кезеңінде көптеген жауапты қызметтерді абыроймен атқарды. Мемлекетіміздің нығайтуға айрықша атсалысып, өңірлерді өркендетуге зор үлес қосқаны даусыз… Зәкеңнің туған жері – Алматы облысының Кеген ауданында оған ескерткіш орнату және Алматыдағы тұрған үйінде ескерткіш тақта ашу қажет деп санаймын», – деп жазылған Тоқаев хатында.

Айта кетейік, Заманбек Нұрқаділов 1944 жылы Алматы облысы Кеген ауданында дүниеге келген. Қазақ политехникалық институтының инженерлік-құрылыс факультетін бітірген.

Нұрқаділов жиырма жылға жуық қалалық және облыстық құрылыс бөлімдерінде жұмыс істеді. Ол 1966 жылдан 1970 жылға дейін Медеуде бөгет салуға және 1973 жылдың шілдесінде күшті сел ағынынан кейінгі зардаптарды жоюға қатысқан.

90-шы жылдары Қазақстандағы ең беделді саяси қайраткерлердің біріне айналып, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тағайындауымен Астана, Алматы қаласының әкімі болды. Алайда 2000 жылдары билікті сынға алып, оппозицияға кеткен.

2005 жылы өз үйінде Нұрқаділовтің денесі табылды. Оған үш оқ тигені белгілі болды. Екі оқ кеудесіне, біреуі шекесіне тиген. Ресми ақпарат бойынша оның өлімі суицид деп танылды.

Осыған дейін Нұрқаділовтің немересі, белсенді Нұрбибі Нұрқаділова саясаткердің өліміне қатысты тергеу ісі қайта ашылады деген үміті барын айтқан.

Алайда 2022 жылдың наурыз айында ҚР Бас прокуратурасы Заманбек Нұрқаділовке қатысты істің қайта тергелуі туралы ақпаратты жоққа шығарды. 

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow