Қазақстанда азаматтардың несиелерін реттеуге көмектесетін орталықтар ашылады
Бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев “Қарызсыз қоғам” жобасы туралы баяндады, деп хабарлайды sadaqmedia.kz сайты.
“Бүгінгі көтеріліп отырған мәселе өте өзекті, сондықтан ол жүйелі әрі шұғыл шаралар қабылдауды талап етеді. Мемлекет басшысы ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіндегі Қазақстан халқына Жолдауында халықтың шамадан тыс қарыз алу мәселесіне ерекше көңіл бөлді.
Үкіметке «Қарызсыз қоғам» жобасын бүкіл елімізге ауқымды етуді тапсырды. Бұл ретте, Үкімет мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, қажетті жұмыстар атқаруда. Атап айтқанда, арнайы Жол картасы әзірленді және бекітілді. Ол 6 негізгі бағыт бойынша 25 іс-шараны қамтиды",-деп хабарлады Жамаубаев үкімет отырысында.
Оның айтуынша, республикалық маңызы бар 3 қалада және еліміздің 17 өңірінде халықпен тікелей жұмыс істейтін өңірлік жобалық кеңселер құрылып жатыр.
"Жобалық офистердің негізгі міндеті кредиттер бойынша мерзімі өткен берешекті реттеу, қаржылық алаяқтықтан қорғау, сондай-ақ, азаматтардың банкроттық мәселелерін шешуге, жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу және бизнесті қолдау шараларын ұйымдастыру. Әкімдіктер жобалық офистердің жұмысы үшін қажетті ғимараттар мен материалдық-техникалық базаларды бөледі. Оған банктер қаржылық жағынан ықпалдасатын болады. Жобаның тағы бір маңызды бағыты – азаматтардың, оқушылар мен студенттердің қаржылық сауаттылығын арттыру. Бүгінгі таңда жоғары оқу орындарының студенттері үшін қаржылық сауаттылық курстарын енгізу пысықталып жатыр. Оқушылар үшін арнайы курс әзірленеді. Ол үшін тиісті әдістемелер мен оқу құралдары дайындалады. Нәтижесінде осы бағыт шеңберінде 750 мың оқушы мен студенттерді оқыту жоспарлануда” - деді ол.
Жамаубаевтың айтуынша, ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктер «Ауыл Аманаты» бағдарламасы шеңберінде несие алу үшін тұрақты негізде кеңестер береді.
Сіздің реакцияңыз қандай?