«Қазақтың қор болған шапаны-ай»: тойда тірі қойға шапан жауып шығарған тамаданың әрекеті көпшіліктің ашуына тиді
Саяси сарапшы Асхат Қасенғали өзінің Facebook-тегі парақшасында мейрамханадағы той үстінде тірі қойға шапан жауып шығарған тамаданың видеосын салып, оғаш әрекетке қынжылыс білдірген, деп жазады Sadaqmedia.kz.
«Масқара ғой мынау. Ұят. Қай жақта болған, қашан болған, қандай оймен алып шықты, Қазақстандағы той ма, білмедім. Қайда болса да ұяттау екен.
Той иесі мен асаба болатын тойдың сценарийін алдын-ала бірігіп жасай ма өзі? Ондайлар аз-ау. “Тойда қандай әзіл айтасыз”, “қандай ән қойылады”, “қандай ойындар ойнатасыз” деп сұрайтындар көп емес. Көбіне тізім беріп, мынадан кейін мынау сөйлейді дегенге барын салады.
Кешіккен адамдар. Бір-бірінің уақытын бағаламайды. Бітпейтін тілек айту. Соңғы адам тілек айтқанша күтіп, шаршайсың. “Жұмысым бар” деп әйтіп-бүйтіп шығып кетуге тырысасың. Кей асабаның әзілі…енді әзіл де емес. Әзілдеймін деп кейде тойдағы кей қонақтың көңіліне тиетін сөздерді айтады. “Мыртық”, “томпиған аюдай екенсің”, “көзіңіз қытай сияқты сығыр екен” дегендей сыртқы келбетке тисе сөйлеп, әзілдегендей болады. Әзіл ма сол?! Түрлі ұят ойындарды да ойнатып жатады. Кей қарияға бата беріңіз десе, тілек айтып тұрады.
“Қазақтың тойы дүркіреп өтеді, 300-400 адам келді” деп мақтанып отырады кейде. Сол мақтанатын дүние ме? Бар болғаны ысырапшылдық көрінісі ғой.
Тойға “өзін-өзі ақтайтын шығар” деген оймен қаржыны аямай салады. Бірақ ол той ақтауы да, ақтамауы да мүмкін. Былайша қарасаң бұл қаржылық сауаттың төмендігі ғой.
Той деген жақсы әрине. Қуанышқа жасалады. Алайда оның бір жүйесі, орны, әдебі, мөлшері болуы керек шығар. Бұл ойым қате шығар, келісу-келіспеуге құқылысыз. Бірақ мына видеоны көріп, осындай ой келді», деп жазды ол.
Пост астына жазылған пікірлер де бұл қандай «дәстүр» екенін білмей таң қалуда.
«Енді есекпен шықса да таң қалмайтын болдық», «ресторанды мал қора қылды тексіз тамадалар», «күллі қазақ жұртын қорлау», «қор болған қазағымның шапаны-ай», деп жазды олар.
Сіздің реакцияңыз қандай?